Вице-премьер Серік Жұманғарин қазақстандықтарды шегіртке жеуге шақыру ойына да келмегенін айтты. Тек бұл қауіпті зиянкес мұсылмандар үшін халал ас деген ғылыми деректі келтіріп, бар болғаны журналистердің көңілін көтермек болыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Саяси өмір шиеленіске толы, сондықтан кейде көңіл көтеру үшін де осылай айтамын. Дегенмен "шегірткені жеуге болады" деп еш жерде айтқан емеспін. Бұл "халал өнім" екенін айттым. Білуімше, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары, тіпті фактчекинг жасады. Енді бұл әңгімені тоқтатып, бұрмалауды доғару керек. Мен жауапты мемлекеттік қызметкермін, еш уақытта азаматтарымызға шегіртке жеуге кеңес бермеймін. Шүкір, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген", - деді премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
Жұманғариннің "Шегіртке — халал өнім" деген бұл әзілі сенаторларға да ұнамады. Депутаттар оған әзіл-қалжыңды қойып, іске кірісуге кеңес берді. Себебі бұл — шаруалар шаш-етектен шығынға батыратын зиянкестердің бірі. Ал премьер-министрдің орынбасары Үкімет бұл жолы шегірткемен күреске тас-түйін дайын деп сеніммен айтты. "Шегірткенің таралу аумағын азайту үшін жүзге жуық дрон сатып алынады" дейді Жұманғарин.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!