Психологтар трендке айналған Хаги-Ваги мен Киси-Миси секілді қорқынышты қуыршақтармен ойнау өте қауіпті екенін айтады, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, дүкендерде түр-түсі ұсқынсыз тауарларға сұраныс артқан. Алайда мамандар ата-аналарға мұндай адамшошырлық бейнедегі ойыншықтарды баланың логикасын кеңейтіп, қызығушылығын оятатын дүниелерге алмастыруға кеңес береді. Хаги-Ваги мен Киси-Миси ойыншықтарын қазір еліміздегі кез келген дүкеннен табуға болады. Тіпті кейінгі жарты жылда бұлар ең өтімді тауарға айналған. Сатылымда ойыншықтың түрлі өлшемі мен түсі бар. Сатушылар бұл ойыншықтарды кішкентайлардың арнайы іздеп келетінін айтады.
"Дүкенімізге кірген балалардың таңдауы ең алдымен осы - Хаги-Ваги мен Киси-Миси. Ата-аналар оны әпермеуге тырысқанымен, кішкентайлары қасарысып тұрып алады. Кейде тіпті жанында еріп келген ата-әжелердің өзі түрін көріп шошып жататын жағдайлар да болады. Бірақ ұл-қыздары ақыры айтқанын алмай қайтпайды. Күніне шамамен Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің 20-дан аса данасы сатылады", - дейді сатушы Ұлан Ашықбаев.
Ата-ана Сәния Исатаева да қазір кішкентайларын ойыншық дүкеніне апаруды қойған. Өйткені үш ұлы да тек Хаги-Ваги мен Киси-Миси-дің жанкүйерлері. Сауда орындарынан бейнесін көрсе, кенедей жабыса қалады екен. Өйткені балабақшадан күнде көріп, өзге балалармен ойнайтыны да осы ойыншық екен. Біреуінің өзін 8-10 мың теңгеге сатып алған.
"Жарты жыл бұрын осы Хаги-Ваги, Киси-Миси деген ойыншықтар шыққан еді. Балам сол кезде басқа балалардан көріп, жылап алдыртқан болатын. Енді балам жылаған соң алып бердім. Түрі шынымен де, ешбір жануарға ұқсамайтын қызық ойыншық", - дейді Алматы тұрғыны Сәния Исатаева.
Хаги Ваги - Poppy Playtime 16+ ойынының кейіпкері, онда тірі қалу үшін күресетін қорқынышты сюжет көрсетіледі. Ойыншық ерекше көрініске ие, бір қарағанда қызық әрі күлкілі көрінеді.
"Мұндай қорқынышты ойыншықтар баланың психикасына кері әсер етеді. Өйткені баланың жалпы психикасы қалыптаспағандықтан, жақсы-жаман, шынайы-өтірік әлемді толық ажырата алмай әрі олармен көп уақыт өткізгендіктен міндетті түрде ондай нәрседен әсер алады", - деп түсіндірді психолог Ержан Мырзабаев.
Сондай-ақ, мамандар кейбір балалар бұл ойыншықты өзінің қорқынышын басу үшін сатып алатынын айтады. Ең алдымен, психологтар баланың үйде қандай мультфильм көретініне баса назар аудару керегін, сонымен қатар, көңіл күйді көтеріп, дамуына пайдасы тиетін ойыншықтарды ғана әперген абзал екенін жеткізді.