Дәл қазір Жер маңайындағы орбитада 1990 жылы ұшырылған Хаббл телескобы бар. Бұл NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігінің бірлескен жобасы және қазіргі уақытта 569 шақырым биіктікте орналасқан ғажайып құрылғы. Мінсіз орналасуының арқасында 2,4 метрлік телескоптың айнасы 30 жылдай ғарышқа ашылған "терезе" сынды қызмет етті. Мысалы, жақында телескоп бір фотода 265 000 галактиканың жиынтығын көрсетті.
Бүгінде Хаббл телескобы "зейнетке шығуға" дайындалып жатыр. Құрылғының негізгі құралдарына аяқасты зақым келмесе, телескоп өз жұмысын 2021 жылдың 30 маусымына дейін жалғастырады. Дәл осы уақытқа дейін NASA ғарыштық агенттігі телескоппен байланысты барлық операцияларды ресми түрде қаржыландырды.
Хаббл телескобы адамзат алдындағы маңыздылығын жақын арада жоғалта қоймайды. Бұл ең алдымен NASA жасаған Джеймс Уэбб ғарыш телескопының Хабблдің тікелей мұрагері емес екеніне байланысты. Шын мәнінде бұл екі телескоп бір-бірін толықтырып отырады. Өйткені Хаббл инфрақызыл толқындардың жақын диапазонында мүмкіндіктері шектеулі болса, Джеймс Уэбб телескобы жұлдыздар мен планеталардың, тым алыс галактикалардың және тіпті экзопланеталардың атмосферасының пайда болуы сияқты құбылыстарды зерттеуге өте ыңғайлы. Инфрақызылда жақсы көрінеді. Алайда, Хаббл жарық спектрінің ультракүлгін және оптикалық диапазонында бақылау үшін өте қолайлы және Жердің атмосферасы ультракүлгін сәулелерін қоршайтындықтан, Хаббл Джеймс Уэбб телескобы көре алмайтын нәрселерді көре алады.
Күні кеше NASA Джеймс Уэбб ғарыш телескобы саяхаттауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда әлемде болып жатқан коронавирус пандемиясы мен АҚШ-тағы толқулар кезекті ғарыш сапарын кейінге шегерді. Бұған дейін хабарланғандай Джеймс Уэбб телескобы 2021 жылдың наурызында емес, 31 қазан күні ұшады. Егер ұшу сәтті өтіп, ғарыш телескобы діттеген жеріне жетсе 2022 жылы зерттеу жұмыстарын бастап кетеді. Әзірге ғалымдар Джеймс Уэбб телескобын бес жыл пайдалануды жоспарлап отыр. Дегенмен ол Хаббл секілі сенімді серік атанса ондаған жыл бойы сапарлауы ғажап емес.