- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Хабарласып, баласының дауысын...
Хабарласып, баласының дауысын салған: Ақтөбеде екі бірдей зейнеткер алданып қалды
Ақтөбеде дроппер бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәбірленушіге белгісіз адам қоңырау шалып, баласының дауысын салып, апатқа түскенін хабарлаған. Осылайша, оларға барған жігітке ақша беруді сұраған. Зейнеткер ауруханада жатқан баласына көмектеседі деген оймен алаяқтарға 4 миллион теңгеден аса қаражат берген. Алданғанын кейін түсінген зейнеткер полицияға жүгінген.
Одан кейін тағы бір зейнеткерге белгісіз адам қоңырау шалып, немересі жаяу жүргіншіні қағып кеткенін, оған көмектесу үшін үш миллион теңге беру керек екенін айтты. Оны естіген қарт бір миллион теңге тауып, алаяқтың сыбайласына берген. Жәбірленушілер алаяқтарға осы уақытқа дейін жинаған соңғы ақшаларын берген.
Қарттардан ақша алғаннан кейін телефон алаяқтарының серіктесі оларды көрсетілген шоттарға жіберіп, бір бөлігін өзіне қалдырып отырған.
"Сотта ол бейтаныс адам қоңырау шалып, курьер болып жұмыс істеуді ұсынғанын мәлімдеді. Сот 22 жастағы күдіктіні алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, оны жәбірленушілерге жалпы сомасы 8 миллион теңгеден аса шығынды өтеуге міндеттеді", - деп жазылған хабарламада.
Қарттарды алдауға жұмсаған қылмыскерді анықтау және ұстау бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова