- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Хабардар емеспін". Ажар...
"Хабардар емеспін". Ажар Ғиният студенттерді жүгіруге "мәжбүрлі түрде" қатыстыру туралы айтты
Астана медицина университеті өкілдері студенттердің жүгіру шарасына "мәжбүрлі түрде" қатыстыруға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр Ажар Ғиният осыдан кейін бірден Мәжіліске "Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстыру үшін барды. Бұл арада әлеуметтік желілерде жүгіруге қатысқан медицина факультетінің студенттері "ерікті-мәжбүрлі түрде" жіберіліп, таңғы сабақтар мен емтихандар ауыстырылғаны туралы ақпарат пайда болды.
Qumash Telegram-арнасы таратқан аудиожазбада ер адам студенттердің автобустармен Ботаникалық баққа бару жоспарын және жарысқа қатысушылардың алдағы әрекеттерін айтып береді. Сондай-ақ, іс-шараға қатыспағандарға жаза туралы ескертеді.
Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Ажар Ғиниятан сұрады.
"Бүгінгі марафон Денсаулық күніне орай болды. Денсаулық күні бүкіл ел бойынша басталды, ол бүкіл әлемде 7 сәуірде атап өтіледі. Сіздің мәлімдемеңізге келетін болсақ, мен хабардар емеспін. Біз бұл мәселені анықтаймыз", - деп уәде берді министр.
Университет студенттердің Астанадағы жаппай жүгіру шарасына қатысатынын растады. Білім ошағының баспасөз қызметі студенттердің мұндай шараларға үнемі қатысып тұратынын түсіндірді. Оқу орнының мәліметінше, бұл оқиғаға байланысты тергеу басталған.
"Мұндай іс-шаралар алдын ала ұйымдастырылып, өз еркімен қатысуға ниет білдірген студенттердің тізімі жасақталады. Ер адамның дауысы шыққан аудиохабарламаның таралуына қатысты тексеру басталды", - деп хабарлады университеттегілер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек