Қызылорда облысында тасжолды су шайып кетіп, жолаушылар көліктерімен жолда қалып қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Massaget.kz редакциясына оқырмандар оқиғаның видеосын жолдады. Олардың айтуынша, 40 шақты көлік жолда қалып қойған.
"Мынау - Қызылорданың трассасы. Су тасып кетіп, өте алмай жатырмыз. Су тасып жатыр. КамАЗ-дар тұрып қалған. Быт-шыт. Бәріміз өте алмай тұрмыз. Қаншама ГАЗель тұр", - дейді ер адам видеода.
Әлеуметтік желідегі жергілікті парақшаларда да бұл жағдай Жезқазған-Қызылорда тасжолында болғаны айтылады. Ал желі қолданушылары бұл көрініске ашынған пікірлер жазған.
"ХХІ ғасырда емес, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүретін сияқтымыз", "Асфальт төсемесе де жай тас төсеп қоятын жағдайлары болды ғой", "Ұят! Трасса түгіл Жезқазғанның орталық жолдарының жағдайы өте нашар, бір шұңқырдан қашсаң екіншісіне түсесің! Қашан жөнделеміз, қашан дамимыз? Жаны ашитын адам бар ма өзі Жезқазғанда билік басында?", "Ұлытау облыс болғанға қуанып едік, түк өзгерген жоқ. Баяғы жартас, сол жартас", "Сұмдық, сұмдық, Әкім мырзалар қайда қарап отыр", "Ұлытау облысы дегенге ұят...", - дейді олар.
Мәселені анықтау үшін Massaget.kz жауапты органдарға жүгінеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз