Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ғылымға жұмсалған шығындарды тексеру қорытындысы бойынша 51 миллиард теңгенің қаржылық заңсыздықтарын анықтады. Аудит нәтижелерін ЖАП төрағасы Әлихан Смайылов бүгін Құрылтайда таныстырды, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Палата ғылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатының және жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) міндетті аударымдарының қалай пайдаланылғанын тексерді.
"Биыл ғылым саласында жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 51 миллиард теңгеге қаржылық заңсыздықтар, 47 миллиард теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 16 миллиард теңгеге шығындар мен жіберіп алынған пайда фактілері анықталды", - деді Смайылов.
36 факт бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді. Тағы үш факт бойынша ЖАП материалдарды құқық қорғау органдарына тапсыру туралы шешім қабылдаған.
ЖАП мәліметінше, 2022 жылдан 2025 жылға дейін ғылымды қаржыландыру 122-ден 262 миллиард теңгеге дейін өсті, ал ондағы бюджеттің үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін артты. Бұл ретте, Смайыловтың айтуынша, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесі 13 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеген.
"16 миллиард теңгенің 176 жобасы бойынша түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу қамтамасыз етілмеген", - деп атап өтті ЖАП төрағасы.
Аудиторлар жобаларды іріктеу кезіндегі кешігулерге де назар аударды. 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған, ал материалдарды ұлттық ғылыми кеңестерге тапсыру 93 жұмыс күніне дейін созылған. ЖАП деректері бойынша, кеңестердің 225 мүшесінің 84-і 127 жоба бойынша зерттеу топтарының құрамында болса, кеңестің 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшісі болған. Палата мүдделер қақтығысы қаупі бар екенін көрсетті.
Смайыловтың айтуынша, коммерцияландырудың аяқталған 141 жобасының ішінен кейінгі үш жылда тек 38-і, шамамен 27 пайызы ғана тұрақты сатуды қамтамасыз еткен.
ЖАП мәліметінше, ҒЗТКЖ-ға міндетті аударымдар бойынша берешек 147 келісімшарт бойынша шамамен тоғыз миллиард теңгені құраған. Смайыловтың хабарлауынша, талап қою мерзімінің өтіп кетуіне байланысты үш миллиард теңге бюджетке түспейді.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Astana Hub түскен 43 миллиард теңгенің 23 миллиардын бағалы қағаздарға орналастырған. "Самғау" холдингінде 15 миллиард теңгенің 10 миллиарды депозиттерге және репо операцияларына салынған.
Анықтама: РЕПО операциясы - бұл бағалы қағаздарды (акциялар немесе облигациялар) кепілге қоя отырып, қысқа мерзімге ақша алу. Компания өз қағаздарын белгілі бір уақыттан кейін алдын ала келісілген, сәл жоғарырақ бағамен қайта сатып алу шартымен сатады.
ЖАП басшысының сөзінше, жекелеген жағдайларда жобаларды іске қосу мерзімі екі жарым жылдан асып кеткен.
"32 миллиард теңгенің 159 жобасы толыққанды мемлекеттік есепке алынбаған", - деп толықтырды Смайылов.
Аудит қорытындысы бойынша ЖАП үкіметке бес ұсыныс беріп, аудит нысандарына 66 тапсырма жолдады.
2025 жылы Жоғары аудиторлық палата ғылымды дамытуға жұмсалған шығындарды бұған дейін де тексерген болатын. Ол кезде аудиторлар 1,7 миллиард теңгенің қаржылық заңсыздықтарын анықтап, конкурстарды өткізудегі кешігулер мен ұлттық ғылыми кеңестердегі мүдделер қақтығысы қаупін көрсеткен еді. ЖАП мәліметінше, коммерцияландырудың 42 жобасы жоспарланған сату көлеміне жетпеген, ал сегіз жоба бойынша өнім мүлдем шығарылмаған.