Жоғары аудиторлық палатада ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекеттік аудиторлар ғылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражаты қаншалық тиімді пайдаланылатынын тексерді. Жүргізілген аудит одан әрі жетілдіруді талап ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік берген:
- Ғылымды қаржыландыру көлемі 219 млрд теңгеге дейін өсуіне қарамастан, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын шығынның үлесі төмен.
- Бағдарламалық құжаттарда белгіленген ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттары Ғылым және жоғары білім министрлігінің даму жоспарында толық көрініс таппаған.
- Ғылым комитеті мен салалық мемлекеттік органдар арасында тиісті өзара іс-қимыл жоқ екені де байқалған.
- Ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) жұмысында қосымша назар аударуды қажет ететін факторлар анықталған. Кеңестердің кейбір мүшелері бір мезгілде қаржыландырылатын бірнеше жобаға қатысқаны анықталған.
- Ғылыми конкурстарды айтарлықтай кешіктіріп жариялау, кейбір жағдайларда 500 күннен артық кешіктіру деректері тіркелген.
- Ғылыми-техникалық сараптама рәсімдерінің мерзімі сақталмайтыны анықталған.
"Ескертулер, пысықтау бойынша ұсыныстар немесе кейбір кемшіліктері болса да, жобалар одан әрі қаржыландырылып отырған. Ғылым қорын коммерцияландыру жобаларын іске асыруда да кемшіліктер бар. Аяқталған 42 жоба жоспарлы сату көлеміне жетпеген, ал 8 жоба бойынша мүлде өнім шығарылмаған", - дейді аудиторлар.
Сонымен қатар, жетекші жоғары оқу орындарының жанынан инжиниринг орталықтар мен технопарктер ашуда қаражатты мақсатқа сай пайдаланбау және сатып алу құнын арттыру деректері анықталған.
- Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 1,7 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.
- 24,2 млрд теңге тиімсіз жоспарланған, 42,5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған.
Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, анықталған жайттар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова