Ғылым саласына арналған бірыңғай цифрлық портал құрылады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Құрылтайдағы брифингте ғылыми жобаларға қаржы бөлудің ашықтығы қалай қамтамасыз етілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Министрдің айтуынша, ведомство үш жылдан бері Қазақстанда ғылым саласына арналған бірыңғай цифрлық портал әзірлеп жатыр.

«30 қарашада Қазақстан жасанды интеллект зерттеу университетінде ауқымды дөңгелек үстел өткіземіз. Онда барлық платформа толық таныстырылады. Көптеген модуль мен жүйенің жекелеген бөліктері екі жылдан бері жұмыс істеп тұр. Мәселен, қазір кез келген ғалым Қазақстанда қандай ғылыми жабдық бар екенін көре алады. Бұл жабдықты қайта модельдемеу және қосымша сатып алмау үшін қажет. Ғылыми зерттеулер мен бағдарламалардың барлық нәтижесі де осы порталға толық жүктеледі», – деді министр.

Саясат Нұрбек 2024 жылдан бері Astana Hub порталының базасында ұлттық ақпараттық жүйенің "бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтінін айтты. Онда кез келген өтінім беруші қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын, оларға қанша қаражат бөлінгенін, қаржыға не сатып алынатынын және қандай міндеттердің орындалғанын немесе орындалмағанын көре алады.