Сенбіде Гватемаланың үш түрмесінде бүлік шықты. Соның салдарынан тұтқындар кемінде 46 адамды, негізінен күзетшілерді, сондай-ақ бір психологты кепілге алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Гватемаланың ішкі істер министрі Марко Антонио Вильеда баспасөз мәслихатында кепілге алынғандар арасында қаза тапқандар немесе жараланғандар туралы хабар түспегенін айтты.
Оның айтуынша, үш түрмедегі бүліктерді "Баррио 18" бандасы өз көсемін басқа мекемеге - ұстау жағдайы жақсырақ болатын және оған белгілі бір артықшылықтар берілетін орынға ауыстыруға қол жеткізу үшін ұйымдастырған.
"Ешбір террористік топпен келісімге бармаймын, бұл бопсалауға бой алдырмаймын және олардың бүліктерін тоқтатқаны үшін бұрынғы артықшылықтарын қайта қалпына келтірмеймін", - деді Вильеда.
Гватемалада түрмедегі бүлік алғаш рет болып отырған жоқ, алайда бұл жолғы кепілге алынғандардың саны бұрынғы жағдайлармен салыстырғанда едәуір көп.
Министрлік өкілдері қауіпсіздік күштері, оның ішінде әскери қызметкерлер де, аумақты толық бақылауда ұстап тұрғанын және тәртіпті қалпына келтіру, сондай-ақ, іргелес аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін біз Түркістан облысында сот қатаң режимдегі колонияда бүлік шығарған сотталғандарға үкім шығарғаны туралы хабарлаған едік.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз