Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды төртінші қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды. Сот одан 8 млрд теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, оған бұған дейін тағайындалған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды. Бұл жолы Гүлмира Сатыбалдыға алдау арқылы мүлік бойынша залал келтіру және өз бетінше әрекет ету айыптары тағылған.
Іс бойынша жәбірленуші ретінде оның әпкесінің бұрынғы күйеуі әрі бұрынғы бизнес серіктесі Абай Жүнісов танылған.
Гүлмира Сатыбалды мен Жүнісов бірге кәсіп жүргізген, соның ішінде Алматыдағы "Восточка" тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысқан. Кейін Жүнісов компаниялардағы үлесін Гүлмира Сатыбалдымен байланысы бар адамдарға өткізіп, тағы бірнеше құжатқа қол қойған. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, ол мұның бәрін қысыммен жасаған.
Салынған үйлер сатылғаннан кейін Жүнісовтің "ВТБ Банк" алдындағы 8 млрд теңгеден астам қарызы өтелмей қалған.
Гүлмира Сатыбалды тағылған айыпты мойындамады. Ол өзіне нақты не үшін айып тағылғанын түсінбейтінін және Жүнісовтің банк алдында миллиардтаған теңге қарыз болып қалуына өзін кінәлі санамайтынын айтты.
Сот оны кінәлі деп таныды.
Сонымен қатар, бұған дейін тағайындалған 12 жылдық жаза мерзіміне жаңа мерзім қосылған жоқ.
Сот Гүлмира Сатыбалдыдан 8 млрд теңгеден астам қаражат өндіріп алуды міндеттеді.
Еске салайық, Гүлмира Сатыбалдыға алғашқы екі үкім 2023 жылы шыққан.
Ол өз бетінше әрекет ету, адам ұрлау, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету істері бойынша сотталған.
Бірнеше істегі жазаны біріктіргеннен кейін оған сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz