Гүлмира Сатыбалды сотқа қатысуы үшін Алматыға жеткізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Істің мән-жайы
Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша алдын ала тыңдауда судья Мәртпек Кәкімжанов қорғаушының қылмыстық істі қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Судья қорғаушының уәждері іс материалдарында бар дәлелдемелерді талдауға негізделгенін, бірақ сот алдын ала тыңдау кезінде бұл дәлелдемелерге баға бере алмайтынын, себебі олар негізгі сот талқылауы барысында жәбірленушілерден, куәлардан жауап алу және оқу арқылы зерттелетінін атап өтті. Айыптау актінің өзінде ешқандай заң бұзушылықтар жоқ.
Сонымен қатар, судья сот процесін жабық түрде және онлайн өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмады. Судьяның айтуынша, бұған қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген мемлекеттік құпияларды қорғау мүддесі немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты іс сияқты негіз жоқ.
Сондай-ақ адвокаттарға сот талқылауы кезіндегі дәлелдемелерді зерттеу нәтижелері бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы өтінішті қайта беруге болатыны түсіндірілді.
Алғашқы сот отырысы қашан өтеді?
"Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында негізгі сот талқылауы ашық сот отырысы форматында өтсін. Бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалады. Сотталушы Гүлмира Сатыбалды Қауасқызы Астана қаласының мекемесінен Алматы қаласының №78 мекемесіне жеткізілсін", - деп шешті судья.
Алғашқы сот отырысы 30 мамыр күні сағат 10:00-де Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық режимде өтеді. Сот отырысы аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері өтеді.
Бұған дейін не болды?
Еске салайық, бұған дейін Гүлмира Сатыбалды алқабилер сотынан бас тартқан болатын.
Алматының қылмыстық істер жөніндегі сотында Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіті. Сотталушы орнында Гүлмира Сатыбалдымен қоса, оның жүргізушісі Мәди Батыршаев та отыр. Сот отырысы онлайн режимде өтіп жатыр, ал айыпталушылар Астананың тергеу изоляторында.
Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 126-бабы "Заңсыз бас бостандығынан айыру" бойынша айыппен қоса, аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды: Қылмыстық кодекстің 194-бабының 3-бөлігі "Ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық". Бұл бап аса ауыр болып есептеледі және ол бойынша айыпталушы алқабилердің қатысуымен сот өткізуді сұрауына құқылы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!