- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Гүлмира Сатыбалды соңғы...
Гүлмира Сатыбалды соңғы сөзін айтудан бас тартты
28 тамыздағы сот отырысында Гүлмира Сатыбалды соңғы сөзін айтпайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
27 тамызда өткен сот отырысында айыпталушы жағдайы нашар екенін айтып, сот отырысына қатыспады. Оның мүддесін сотта адвокаты Әсемгүл Даниалова қорғады.
Бүгін Гүлмира Сатыбалды тергеу изоляторынан сот отырысына онлайн режимде қосылды, бірақ сот процесі басталар алдында судья Мартпек Кәкімжановтан өзін босатып, сот жарыссөздерін оның қатысуынсыз өткізуін өтінді.
"Сізден бір ғана нәрсе сұраймын, күшіңізді жинаңыз. Бұл үш айлық марафон сізге, бәріне, маған да қатты әсер еткенін түсінемін. Сізге қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес бүгін қандай рәсім жоспарланғанын түсіндіремін. Кеше біз сот жарыссөзін тыңдай бастадық, сіздің адвокатыңыз сөйледі. Бүгін заң бойынша сіз айыптау туралы өз ұстанымыңызды жарыссөзде айтуға құқығыңыз бар және заңда сот жарыссөзді аяқтағаннан кейін сотталушының соңғы сөзін тыңдауға көшеді деп жазылған. Сондықтан шыдамды болыңыз, жарай ма?" - деді Мартпек Кәкімжанов.
Гүлмира Сатыбалды жағдайы нашар екенін және процеске қатыса алмайтынын айтты. Ол соңғы сөзінен де бас тартты.
Сот айыптаушы тарап пен жәбірленушілердің сөзімен жалғасты.
Айта кетейік, былтыр Гүлмира Сатыбалдыға екі рет сот үкімі шыққан еді. 2023 жылы маусымда Қызылорда соты "Бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру" бабы бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айырған еді. Оның алдында Астана соты "Адам ұрлау" (125-бап) және "Өзінше билік ету" (339-бап) баптары бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны жеті жылға соттаған.
Бұл жолы Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды бопсалау және кәсіпкерді заңсыз еркіндігінен айыру ісі бойынша сотқа тартылып отыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова