Гүлді күзде егеді. Жамбылдық кәсіпкер гүл кәсібін дөңгелетіп отыр

Гүлді күзде егеді. Жамбылдық кәсіпкер гүл кәсібін дөңгелетіп отыр

8 наурыз жақындаған сайын гүл сататындардың саудасы қызады. Жамбылдық жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Асановтың да мереке күндері телефонына тыным жоқ. Қыз-келіншектерге ерекше сый жасап, қуантқысы келетіндер қызғалдаққа тапсырыс жасауға асығады. Massaget.kz тілшісі кәсіпкерге хабарласып, мереке кезінде саудасы қалай жүретінін сұрады.

Кәсіпкер қызғалдақтың қауызы толық ашылмай тұрғанда жұлып, сәнді қағазға орап, тапсырыс берушіге жеткізіп береді екен.

"Алдын ала жасалған гүлге қарағанда жаңа жұлынған қызғалдақ жұпар иісін жоғалтпайды, балғын күйінде мереке иесінің қолына тиеді", - дейді Нұрсұлтан Асанов.

Кәсіпкер 5 жылдан бері жылыжайда қызғалдақ өсіріп, гүл саудасынан мол табыс тауып отыр. Қызғалдақ саудасының нағыз қызатын кезі - халықаралық әйелдер күні қарсаңы.

"Бастапқыда қызғалдақ өсіру идеясы жай қызығушылық болатын. Хоббиді осылай кәсіпке айналдырамын деп ойламадым. Кейін гүлге деген сұраныс жоғары екенін байқадым. Біз қызғалдақтың 10 түрін жылыжайда өсіріп отырмыз. Тараз қаласы тұрғындарының тапсырысын өзіміз жеткізіп беріп тұрамыз", - деді кәсіпкер.

Жылыжайда өскен қызғалдақтар қазір Тараз қаласы тұрғындарының сұранысын толық өтеп отыр. Ал гүл бағасы 500 теңгеден екен.

Кәсіпкер гүлдің ұрығын пиязшық күйінде қарашада Голландиядан арнайы алғызған. Ол дәл 8 наурызға дейін қызғалдақ гүл ашуы үшін күзде егеді екен.

Гүл өсірудің өз қиындықтары бар. Әсіресе, қызғалдақ гүлі өте нәзік, жылу мен жарықты сүймейді. Бағбан қызғалдақ дестесін ұзағырақ сақтағыңыз келсе, салқын әрі қараңғы жерге қоюға кеңес берді.

        А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова