Биылғы оқу жылында алғашқы қоңырау шарасын ұйымдастырудың тәртібі өзгерді. Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік нұсқау хатында жазылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының "2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы" әдістемелік нұсқау хаты жарияланды. Бұл құжатта мектепте өткізілетін бірқатар жиындарды ұйымдастыру тәртібіне өзгеріс енгізілген.
1 қыркүйекте салтанатты жиынның өткізу форматын білім беру ұйымы дербес айқындайтыны айтылған.
Сондай-ақ, жалпы мектептік салтанатты іс-шараларды өткізуге қойылатын талаптар өзгерді. Енді іс-шара өткізгенде көгершіндер мен шарларды ұшыруға болмайды.
"Балаларға экологиялық тәрбие беру, қоршаған ортаны ластамау, табиғат пен жануарларға қамқор болу мақсатында салтанатты жиын кезінде шарлар мен көгершіндерді пайдалану ұсынылмайды", - деді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі өкілі.
"Салтанатты жиынды өткізу түрін, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары дербес айқындайды. Аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға; мерекелік дастарқандар жаюға; мектеп ғимараты мен аумағын шарлармен безендіруге рұқсат етілмейді", - деді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері 1 қыркүйек қарсаңында мұғалімдерге гүл сыйлауға болатыны туралы айтты.
"Жыл сайын 1 қыркүйек қарсаңында қоғамда "Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заң бұзушылық болып саналмай ма" деген сұрақ туындайды. Иә, болады. Бұл жақсы дәстүр деп саналады", - деді ведомство өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!