Көпшілік ер адам гүл шоғының жылдам солып қалатынын айтып, оны сыйлаудың не қажеті бар деп ойлайды. Алайда гүл шоғы әйелдерге керемет көңіл күй сыйлайды және олар гүл шоғының барынша ұзақ сақталғанын қалайды. Ендеше, гүл шоғының өмірін ұзартатын бірнеше қарапайым ережелер бар.
Гүл шоғын жылытыңыз
Егер сізге гүл шоғын суық мерзімде сыйласа, оны үйге әкелген бойда суға салуға асықпаңыз. Гүл шоғының бөлме температурасына үйренуіне уақыт беріңіз. Егер гүл қағазға немесе газетке оралған болса, оны сол қаптамасында 15 минуттай қалдырыңыз. Содан соң құмыраға салыңыз.
Гүлдің қаптамасын шешіңіз
Кей әйелдер гүл қаптамада әдемі болып тұрғандықтан, солай құмыраға сала салады. Алайда гүл сатушылар гүлдерді бір-біріне байлайды, одан соң сыртынан бірнеше қабат орайды. Бұл гүлдерге тыныс алуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан үйге келген соң гүлдердің сыртындағы қаптамасын алып, жіптерін қиып босатыңыз.
Суды күнде ауыстырыңыз
Суға келгенде флористердің ойлары екіге бөлінеді. Біреулер гүл шоғын қайнап бөлме температурасына дейін суыған суға салу керегін айтса, басқалар гүлдерді суық суға салуды жөн санайды. Гүлдер өздерін жақсы сезінуі үшін оның суын күнде ауыстырыңыз.
Жапырақтарына су шашыңыз
Егер құмыраңыз астында батарея орналасқан терезе алдында тұрса, ол құрғақ ауа себебінен жылдам құрғауы мүмкін. Сондықтан оған су шашып тұруға болады. Бірақ суды гүлдерге емес, тек жапырақтарына шашыңыз.
Тыңайтқыш сатып алыңыз
Қазір дүкендерде гүл шоғының ұзаққа дейін балғын болып сақталуына көмектесетін арнайы ұнтақтар сатылады.
Бірнеше тиын салып жіберіңіз
Мыс суды қышқылдандырады және бактериялардың таралуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан суы бар құмыраға бірнеше тиын салып жіберуге болады.
Оқи отырыңыз: "Күйеуім неге сыйлық бермейді?" Психолог негізгі 6 себепті атады