- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Гүл дүкенінде шу...
Гүл дүкенінде шу шығарып, сатушыны ұрған экс-полицейдің тағы бір оқиғаға қатысы бар болып шықты
Шымкенттегі гүл дүкенінде жанжал шығарып, сатушыны ұрып, гүл шоғын алып кеткен экс-полицейдің тағы бір видеосы пайда болды. Ол Желіде резонанс тудырды. Онда ер адам дәмхана есігін теуіп, шу шығарғаны көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео әлеуметтік желіде тарады. Оқиға 16 мамырда Түркістан қаласында болғаны айтылған. Автордың жазбасына сәйкес, экс-полицей әйелімен қаладағы дәмханалардың біріне барып, қайтарда ақша төлеуден бас тартқан.
Видеодағы әңгімеден экс-полицей ақша төлемегендіктен қызметкерлер есікті жауып қойғаны естіледі. Бұған ашуланған экс-полицей есікті бірнеше рет теуіп, "сендер мені, әйелім екеумізді кепілге ұстап тұрсыңдар ма?" деп дауыс көтереді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Түркістан облыстық Полиция департаменті оқиғаның мамырда Түркістан қаласындағы дәмханада болғанын растады. Есепшотты төлемеуге байланысты дау туындап, қызметкерлер полиция шақырған. Полицейлер келгеннен кейін клиент есепшотты төлеген.
Otyrar.kz мәліметінше, Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша құқық бұзушылықты жасаған адамға қатысты ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі ("Алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде болу") бойынша әкімшілік хаттама жасалып, сотқа жолданған. Алайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтында бұл әкімшілік іс туралы ақпарат табылмаған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі Romantic гүл дүкенінде болған екі оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны хабарланған болатын. Солардың бірі Шымкенттегі гүл дүкенінде жанжал шығарып, сатушыны ұрып, гүл шоғын алып кеткен экс-полицей туралы. Көп ұзамай оның Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені белгілі болды. Ол 19 мамырда отбасылық жағдайына байланысты өз өтініші бойынша ішкі істер органдарынан босатылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Шәріпхан