Гүл Алматы: жазда қалаға 5 миллионға жуық гүл мен раушан бұтасы егілді

Гүл Алматы: жазда қалаға 5 миллионға жуық гүл мен раушан бұтасы егілді
Фото: gov.kz/org/almaty/press

2026 жылғы жазғы маусымда Алматыда гүлмен безендірілген аумақтың жалпы көлемі 410 мың шаршы метрден асты. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 77 пайызға жоғары, - деп хабарлайды Massaget.kz "Eco Almaty" ЖШС мамандарына сілтеме жасап. 

Биыл біржылдық гүлдердің саны 2,7 миллионнан 4,3 миллионға дейін көбейсе, раушан бұталары 125 мыңнан 580 мыңға дейін артқан.  Қаладағы ең ауқымды гүлзарлар Есентай өзенінің жағалауында, Сайран су қоймасының маңында және Halyk Arena аумағында орналастырылды. Есентай жағасындағы гүлзардың көлемі 20 мың шаршы метрді, Сайран бойындағысы 15 мың шаршы метрді құрайды. Ал Halyk Arena маңында 7 мың шаршы метрден астам аумақ гүлмен көмкерілді.

Биыл қаланы безендіруге тың шешімдер енгізілді. Гүлдерден алма, аю, қар барысы және тауыс бейнесіндегі көлемді композициялар жасалды. Олар Алматының ажарын айшықтап, тұрғындардың қызығушылығын тудырды.

Осындай ерекше нысандардың бірі Есентай өзенінің жағалауына қойылды. Тауыс пішініндегі гүл композициясының биіктігі 2,5 метрге, ал ұзындығы 30 метрге жетеді.

Өсімдіктерді таңдау кезінде Алматының климаттық жағдайы, гүлдердің төзімділігі және гүлдеу кезеңі назарға алынды. Көгалдандыру жұмыстары қарқын алған уақытта өсімдіктерді күтіп-баптауға күн сайын 400-ден астам маман мен 140-тан аса арнайы техника тартылды.

Күзгі маусым басталғаннан кейін біржылдық гүлдерді жинау және қала аумақтарын келесі көгалдандыру кезеңіне әзірлеу жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.

О. Сансызбай
Logotype Massaget