Грузияда экс-министр телеарнадағы сұхбатынан кейін ұсталды

Тбилисиде Грузияның бұрынғы вице-премьері, кезінде Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерін басқарған Георгий Барамидзе ұсталды. Қазір ол - оппозициялық "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы жетекшілерінің бірі. Оған мемлекетке опасыздық жасады және ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке барды деген айып тағылып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі грузин БАҚ-тарына сілтеме жасап.

Саясаткердің ұсталғанын арнайы брифингте Грузия бас прокурорының орынбасары Амиран Гулуашвили мәлімдеді. Бұл туралы Interpressnews агенттігі прокуратураға сілтеме жасап хабарлады. Грузия прокуратурасының ресми мәлімдемесін 1TV.ge телеарнасы да жариялаған.

Тергеу дерегінше, қылмыстық іс қозғауға Барамидзенің "Грузияның дүниеге келуі" атты бағдарламада айтқан сөзі себеп болған.

Бұрынғы министр сұхбат барысында 1992–1993 жылдардағы грузин-абхаз қарулы қақтығысының алғашқы кезеңінде грузин әскери қызметшілері қолға түскен адамдарды аямағанын, кейбірін сол жерде атып тастағанын айтқан.

Алайда Грузияның Бас прокуратурасы жүргізілген тексеру мұндай деректерді растамады деп мәлімдеді. Ведомство саясаткердің сөзін елдің ұлттық қауіпсіздігіне, қорғаныс қабілетіне және халықаралық беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат деп бағалаған.

"Барамидзе Грузия Қорғаныс күштерінің беделіне нұқсан келтіріп, қаза тапқан әскери қызметшілердің рухына тіл тигізді. Сондай-ақ, бұл мәлімдемелерді сыртқы күштер Грузияға қарсы ақпараттық және саяси науқандарда пайдалануы мүмкін", - деді елдің бас прокурорының орынбасары Амиран Гулуашвили.

Анықтама: Грузин-абхаз қақтығысы - Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Абхазияның Грузиядан бөлінуге ұмтылысы салдарынан туған қарулы қақтығыс. Соғыстың негізгі кезеңі 1992 жылғы тамыздан 1993 жылғы қыркүйекке дейін созылды. Нәтижесінде грузин әскері шегініп, Абхазия іс жүзінде Тбилисидің бақылауынан шықты. Қақтығыс кезінде екі тараптан да көп адам қаза тапты. Бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешілген жоқ.

Барамидзеге мемлекетке опасыздық жасады, соның ішінде ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекет жасады деген айып тағылған. Бұл бап бойынша оған 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.

Прокуратура жақын арада соттан Барамидзені қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануды сұрамақ.

Барамидзенің серіктері мен Грузиядағы өзге де оппозициялық күштер оның ұсталуын "саяси кек" деп бағалады. Олар билікті құқық қорғау органдарын саяси қарсыластарына қысым жасау үшін пайдаланып отыр деп айыптады.

Барамидзе тағылған айыптарды мойындамайды.

Өткен айда Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Facebook-парақшасында Рустави қаласындағы түрмеде жалғыз адамдық камерада қандай жағдайда отырғаны туралы жазған еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!