Грузия президенті Саломе Зурабишвили мен оппозициялық партиялар парламенттік сайлау нәтижелерін заңсыз деп атады. Бұл туралы дүйсенбі күні өткен брифингте Грузия парламентінің спикері Шалва Папуашвили мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Первый каналға" сілтеме жасап.
"Оппозиция төңкеріс сценарийін ұстанады, бұл конституциялық жүйе мен демократиялық сайлауға қарсы шығу дегенді білдіреді, грузин халқы мұндай әрекеттерге жол бермейді", - деді Грузия парламентінің төрағасы.
Айта кетейік, Грузияда 26 қазанда парламенттік сайлау өтті. ОСК мәліметінше, барлық бюллетень саналып біткеннен кейін биліктегі "Грузин арманы" партиясы 53,93 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Сондай-ақ төрт оппозициялық партияға парламенттен орын бұйырды, олар 37,78 пайыз дауыс жинады.
Жексенбі күні, 27 қазанда, Грузия президенті Саломе Зурабишвили оппозиция жетекшілерімен бірге сөз сөйлеп, сайлау нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді.
"Грузияның еуропалық болашағын ешкім тартып ала алмайды", - деді Саломе Зурабишвили.
Оппозиция өкілдері де сайлау нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеді.
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе оппозицияның дауыс беру нәтижелерін мойындаудан бас тартқанына қарамастан, ел үкіметі бекітілетінін айтты.
"Олар осы жылдар бойы ешқашан сайлау нәтижесін мойындаған емес, жеңілгенін абыроймен көтере алмады. Олар осымен тоғызыншы рет жеңілді", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!