- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көлік саудасы
Грузия, Қытай, Корея: Қазақстанға көлік жеткізудің артында тұрған шындық
Биылғы есепке сүйенсек, Қазақстан азаматтары елге 76 мыңға жуық жеңіл автокөлік кіргізген екен. Оның көп бөлігі Грузиядан келген. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда 15 мыңға жуық аз кіргізіппіз. Не себепті көліксүйер қауым сыртқы нарықтан жүрілген көлікті алуды азайтты Massaget.kz тілшісі зерделеп көрді.
Қазақстандықтар ЕЭО-дан көлік тасып жүр
Kolesa.kz редакциясы ұсынған дерекке сүйенсек, елімізге көліктің бәрі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден алып келінген.
2024 жылы елімізге кіргізілген көліктер саны
1 | Грузия | 34 мыңға жуық |
2 | Қытай | 22 мыңнан аса |
3 | Оңтүстік Корея | 10 мыңға жуық |
4 | БАӘ | 5 мыңға жуық |
5 | Моңғолия | 3 мыңнан аса |
Деректер: Kolesa.kz
2024 жылы Қазақстанға көлік импорты бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылды. Қытай мен Оңтүстік Кореядан қазақстандықтар көбіне жергілікті маркалы автомобильдерді сатып алған.
Ал Грузиядан жеткізілген көліктердің көпшілігі бастапқыда Солтүстік Америкадан келген. Бұл көліктердің басым бөлігі жол апатынан зардап шеккен, кейін Қара теңіз жағалауында жөндеуден өтіп, Қазақстанға жөнелтілген. Сонымен қатар АҚШ-тан Қазақстанға 277 көлік импортталған, олардың елге тікелей әуе жолы арқылы жеткізілуі мүмкін.
Қырғызстан реэкспорттың басты алаңы
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) елдерінің ішінде Қырғызстан ерекше назар аудартады. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың 11 айында жеке тұлғалар бұл елден бар болғаны 63 автомобиль әкелген. Ал 2024 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 3318 көлікке жетіп, 52,6 есе өсім көрсетті.
Айрықша деталь: Бұл көліктер Қырғызстанның автонарығында сатылмаған, яғни ел көрші мемлекеттерге реэкспорт жасайтын маңызды орталыққа айналған.
Қазақстанның автопаркі: өсім жалғасуда
• 2024 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге сәйкес, жеке тұлғалардың меншігінде 4 460 186 жеңіл көлік тіркелген.
• 2024 жылдың 1 қарашасына қарай бұл сан 4 736 559 автомобильге жетті.
• 11 ай ішінде елде 276 373 жаңа көлік тіркелген.
• Қазақстан автомобиль одағының ақпараты бойынша 2024 жылдың 11 айында ресми дилерлер арқылы 179 628 жаңа көлік сатылған.
Қазақстанның автомобиль нарығы белсенді дамып, жаңа жеткізілім арналарын игеруде. 2024 жылдың ресми сауда нәтижелері келесі жылдың қаңтар айында жарияланады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Н. Ынтымақұлы