Синтетикалық есірткіні өткізді және қылмыстық кірісті заңдастырды деген күдікті Грузиядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігі Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен аса ірі мөлшерде психотроп заттардың заңсыз айналымымен, сондай-ақ, қылмыстық кірісті заңдастырумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Ол қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, Алматы облысы аумағында аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырған. Кейін дайындалған психотроп заттар осы облыс пен Алматы қаласы аумағында жасырын түрде таратылған.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроп зат (мефедрон) тәркіленген. Қаскүнемдер қылмыстық әрекеттен түскен 1,8 млрд теңгені әртүрлі қаржы операцияларын, соның ішінде криптоалмастырғыштарды пайдаланып, сонымен қатар, қосымша 600 миллион теңгеден аса соманы жылжымайтын мүлік, бизнес нысандарын және көлік сатып алу арқылы заңдастырған. Мемлекет пайдасына аудару мақсатында бұл активтерге тыйым салынды.
Қазір қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігіне қатысты сот талқылауы жүргізіліп жатыр, ал оның кейбір мүшелеріне халықаралық іздеу жарияланған.
"Бір күдікті биыл қаңтарда Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Ол тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!