ҚМА СҚО бойынша департаменті ел аумағында жұмыс істеген ірі Nomad Poker атты онлайн казиноның заңсыз қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу барысында Қазақстан азаматтары Club GG Poker мобильді платформасы негізінде құрылған Nomad Poker онлайн казиносының қызметін Грузия аумағынан жүргізіп отырғаны анықталған.
Мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, ақша айналымын бақылауды қиындатуға және заңсыз қызметті жүргізу үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген.
Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға онлайн покер форматында ақша тігіп, ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін ұсынған. Жаңа қатысушыларды тарту мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жарнама құралдарын пайдаланған.
Осылайша онлайн казино қызметіне 20 мыңнан аса пайдаланушы тартылған. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар үшінші тұлғалардың банк шоттарын, яғни дропперлердің шоттарын пайдаланудың тармақталған жүйесін құрған. Осы мақсатта күдіктілер Қазақстанға шетел азаматтары келуін қамтамасыз етіп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақы үшін банк карталары мен мобильді банкинг рәсімдеген.
Тергеу барысында онлайн казино қызметін қамтамасыз ету үшін 60-тан аса дроп шот пайдаланылғаны анықталған. Ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан.
Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш көлікке, сондай-ақ, дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі ақшаға тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!