"Гравитациялық батарея ойлап тапқан". Еліміздегі оқушылар АҚШ-та үздік атанды

Алматылық оқушылар АҚШ-та өткен халықаралық робототехника байқауында үздік инновациялық жоба жүлдесін жеңіп алды.

Ақпан айының соңында High Tech академиясының 10-сынып оқушылары Білім министрлігінің қолдауымен өткен FIRST Central Asia ойындарында Western Edge Open турниріне қатысуға лицензия алды.

Чемпионат нәтижесінде алматылықтар Американың Лонг-Бич қаласында (Калифорния) өтетін Western Edge ашық робототехника чемпионатына бару мүмкіндігіне ие болды.

Күні кеше қазақстандық жастар АҚШ-та өнер көрсетіп, "Энергетика" аталымы бойынша "үздік инновациялық жоба" жүлдесін жеңіп алғаны белгілі болды. Бір қызығы, жүлдеге 20 елден 80 команда таласқан.

Қазақстан атынан 12 оқушы мен оның  тәлімгерлері қатысқан.

"Чемпионатқа дайындық жаңа жылдан кейін ғана басталды. Республикалық жарыстар алдында мектеп оқушылары бос уақытында дайындалды. Біздің оқушылар мұндай ірі жарыстарға алғаш қатысып отыр, сондықтан өте қиын болды", - дейді Алматы мектебінің физика пәнінің мұғалімі Василий Крючков.

Қазақстандық оқушылар гравитациялық батареяларды пайдалану бойынша жоба ұсынған.

"Негізгі идея – күндізгі уақытта артық энергияны жинап, түнде тарату. Бірақ біз оны қымбат және қоршаған ортаға зиян келтіретін қайта зарядталатын полимерлі аккумуляторлардың көмегімен емес, гравитациялық батареяларды пайдалану арқылы жасадық. Энергияны сақтау қиын, ол үшін 100 метр тереңдікте шахта жасалып, әрқайсысының салмағы үш жүз тоннаға жуық қондырғы орнатылады. Сондай-ақ бір қондырғы күніне шамамен 75 үйді қамтамасыз ете алатыны есептелді. Бұл үй шаруашылықтары үшін жақсы көмек. Энергиямен қамтамасыз ету толық автономды болады", - дейді Крючков.

Василий Крючков жобаның тұсаукесері ағылшын тілінде болғанын айтады.

"Ұзақ жол мен климатқа бейімделу де айтарлықтай күш-жігерді қажет етеді. Жарыс оңай болған жоқ, дайындалуға көп уақыт кетті, бірақ оқушылар жеңді", - дейді мұғалім.

Айта кетейік, First Lego League 4 пен 16 жас аралығындағы балаларды (жас елге байланысты) арасында өтеді. Бұл жарыста практикалық оқыту арқылы ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салалары қамтылады.