Грант конкурсына өтініш қабылдау басталды: не білу керек?

Грант конкурсына өтініш қабылдау басталды: не білу керек?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

13-і мен 20 шілде аралығында талапкерлерден грант конкурсына қатысу үшін өтініш қабылданады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, құжаттарды жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы офлайн (виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн) немесе eGov арқылы онлайн тапсыруға болады.

Қандай құжаттар қажет?

Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін диплом) тапсыруы керек. Сондай-ақ, бар болған жағдайда жеңілдетілген санат бойынша растайтын құжаттар ұсынылады.

Шекті балдар қанша?

Білім беру гранты конкурсына қатысу және ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ нәтижелері бойынша мынадай шекті балдар белгіленген:

  • "Педагогикалық ғылымдар" және "Құқық" бағыттары бойынша - кемінде 75 балл;
  • "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша - кемінде 70 балл;
  • "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" мен "Ветеринария" бағыттары бойынша - кемінде 50 балл;
  • ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін - кемінде 65 балл;
  • басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін - кемінде 50 балл.

Айта кетейік, білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget