Горилланың торына түсіп қалған бала (видео)

Горилланың торына түсіп қалған төрт жасар бала жайлы оқиға бүкіл әлемнің назарын аударды, - деп хабарлайды Daily Mail. Оқиға АҚШ-тағы Цинциннати қаласында болған. Қазіргі уақытта кішігірім жарақат алған Айзей Дикерсон (Isiah Dickerson) ем қабылдап жатыр.

28 мамырда Цинциннати зообағының қызметкерлері бала түсіп қалған торда жатқан 17 жастағы Харамбе есімді горилланы атып өлтірген еді. Маймыл баланы вольер ішінде 10 минуттай арлы-берлі сүйреп жүрген. Куәгерлер оқиғаны камераға түсіріп тұрған.

Кейін зообақ қызметкерлері баланың өмірін аман алып қалу үшін осындай қадамға баруға тура келгенін айтады. Алайда горилланы өлтіру туралы шешімге көпшілік наразылық танытып отыр. Мәселен, Change.org сайтында қараусыз қалған баланың ата-анасын жазалау үшін петиция пайда болды. Оған 400 мыңнан аса адам қол қойып үлгеріпті.

Баланың ата-анасы 32 жастағы Мишель Грегг пен 36 жастағы Дион Дикерсон екен. Олардың төрт баласы бар. Отағасы тонау, қаруды заңсыз сақтау, есірткі айналымы, бұзақылық және өзге де қылмыстар бойынша бірнеше мәрте сотты болған екен. Ол есірткі айналымымен айналысқаны үшін бір жылға жуық уақыт түрмеге қамалған. Басылымның мәліметінше, ер адам кейінгі кезде түзеліп, қазіргі уақытта фирмада жұмыс істейді екен. 


Жұптың төрт баласы бар. © Facebook

Ал баланың анасы алаңғасарлық танытты деп айыптаған жұртқа Facebook желісіндегі парақшасында жауап берді. Оның айтуынша, "жағымсыз жағдайлар болып тұрады". "Қоғам дереу сөгуге дайын, ата-анасы баласына қалай қарамай жүреді, бірақ мені білетін, менімен таныс адамдар менің қандай екенімді, балаларыма жіті қарайтынымды біледі. Оқиғалар болып тұрады, бірақ қажетті адамдардың қажет уақытында көмектескеніне алғысым шексіз. Балам қауіпсіздікте, ол қазір өзі жүріп-тұра алады, болмашы жарақат алыпты, сырып кеткен, сүйектері сынбаған, жарақаты жоқ", - деп жазды Мишель Грегг.

ABC телеарнасының мәліметінше, Огайо штатындағы Гамильтон округінің прокурорлары сейсенбі күні Цинциннати полициясының бұл істі зерттеп жатқанын және болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғауы мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда айыптың кімге тағылуы мүмкін екендігі нақтыланбай отыр.

Дереккөз: tengrinews.kz