Google жаңа смартфондарын таныстырды

Google жаңа смартфондарын таныстырды
Фото: www.engadget.com

Күні кеше америкалық Google корпорациясы өзінің Nexus 6P мен 5X смартфондарын таныстырды. 6P смартфоны 5,7 дюймді дисплеймен жабдықталып, iPhone 6 Plus аналогына айналды. Бұл өнімді Google тапсырысы бойынша қытайлық Huawei компаниясы құрастырған.

Nexus 6P – Nexus модельдерінің арасындағы толығымен металды корпусқа ие болған алғашқы смартфон. Алдыңғы панеліне екі динамика орнатылған. Ал бармақ ізінің көмегімен Play Store немесе Android Pay жүйесінде төлем операцияларын жасауға болады. Аппараттың негізгі камерасы 12,3 мегапиксель.

Nexus 6P смартфоны энергиямен қамтылу үшін USB Type-C технологиясын қолданады. Сонымен бірге, Android операциялық жүйесінің жаңа Marshmallow нұсқасы қондырылған. Wired ақпараттық ресурсына сенсек, жаңа өнім Snapdragon 810 процессоры негізінде жұмыс істейді. Ал оперативті жады – 3 гигабайт.

Google корпорациясының Nexus 6P смартфонына алдын ала тапсырыс беру анонстан кейін басталған. 32 гигабайтты моделі $499 тұрса, 64 гигабайтты нұсқасы 549 АҚШ долларына бағаланған. Ал 128 гигабайтты телефон нұсқасын 649 АҚШ долларына тапсырыс бере аласыз.

Одан бөлек, Google 5,2 дюймді Nexus 5X смартфонын да ресми түрде таныстырды. Бұл – LG мен Google компанияларының біріккен өнімі. Nexus 5X ағымдағы жылдың қазан айынан жаппай сатылымға шықпақ.

Nexus 6P мен Nexus 5X смартфондарына алдын ала тек АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Ирландия, Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің азаматтары ғана Google Store арқылы тапсырыс бере алады. Ал жеткізу келесі айдың ортасына дейін жүргізіледі. Жоспар бойынша жаппай сатылым 19 қазаннан басталауы тиіс.

Ж. Өрісбай