Әнші Кенжебек Жанәбілов 7 наурызда жеке концертін өткізбек. Жанәбілов шығармашылық кешіне дайындық қалай жүріп жатқанын және ешкім білмейтін құпиясын арнайы Massaget.kz тілшісіне айтты.
Кенжебек Жанәбілов жеке ән кешінде "халықтың алдында ұятқа қалмау үшін тырысып жатқанын" айтады.
"Қазақтың арулары деп аталатын жеке ән кешім "МузАрт" ансамблінің сүйемелдеуімен 100 пайыз жанды дауыста болады. Мен 2018 жылы Астанада жеке концертімді өткізгенмін. Ал Алматыда бұл концертті 2019 жылға жоспарлап едік. Бірақ әлемдік жағдайға байланысты кейінгі шегерілді. Қазір Алматы әкімшілігі басшыларының қолдауымен 7 наурызда осы кешті өткіземіз", - дейді әнші.
2000-жылдары ауылдық жерде айына 2000 теңге алған өнер иесінің бүгінде өзіндік райдері бар екен.
"Енді біреудің қалтасы көтереді, біреудікі көтермейді. Негізі, дос-жаран, туысқандардың тойына барамыз. Хабарласқан жанкүйерлерім болса бағам мынадай деп айтамын және еңбекақымды теңгемен аламын. Ал райдерге келер болсақ, менің өзімнің гонорарымнан бөлек барып келетін ұшақ билеті мен қонақүйді бөлек төлеңіздер деп айтамын. Егер өтініш айтып сұраса онда сол гонорар бағасына келісемін", - дейді әнші.
Кенжебек Жанәбілов журналистердің қойған сұрақтарынан қашпайтынын айтады. Сонымен қатар, өнер иесі ерекше құпиясын бөлісті.
"Ешбір жерде бөліспеген құпиям бар: ол - менің киімге құмарлығым. Мен бала кезден киімге құмармын. Киінген ұнайды. Бірақ өз киімімді ешкімге үтіктетпеймін. Гастрольдерде мен өзіммен бірге үтік арқалап жүремін. Себебі бір кездері менің ең қымбат костюмімді күйдіріп алды. Қалай ішің ашымайды? Содан кейін ешкімге сенім тапсырмаймын, қорқамын", - деп түйіндеді сұхбатын Кенжебек Жанабіәлов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!