Гонконг тұмауы тарап жатыр, “дәрі тапшылығы болғаны рас“: министр ең маңызды сауалдарға жауап берді

Гонконг тұмауы тарап жатыр, “дәрі тапшылығы болғаны рас“: министр ең маңызды сауалдарға жауап берді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Гонконг тұмауына қатысты қазіргі ахуалды айтты. Қазір елде бұл тұмау түрі өршіп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министр Гонконг тұмауы ел аумағында 2001 жылдан бері тарап келе жатқанын еске салды. Бұл вирус егде жастағы адамдар мен балаларға ауыр әсер етеді.

"Осы аптада және келесі аптада әлі де күн жылы болады. Желтоқсанның ортасына дейін инфекция өршуі тіркеледі деп болжап отырмыз. Сондықтан адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу, қолды жуу, үйді желдету, бетперде тағу ұсынылады", - деді Әлназарова Сенат дәлізінде.

Шенеунік қарапайым азаматтарды медициналық бетперде тағуға мәжбүрлемейтінін, алайда медицина қызметкерлері үшін бұл талап міндетті екенін жеткізді.

Журналистер "күн суытса, тұмау, ЖРВИ-мен ауыру көрсеткіші төмендей ме?" деп сұрады. Министр солай болатынын, бірақ бірден емес екенін айтты.

Дәрі тапшылығы

Сенат дәлізінде журналистер министрден "ЖРВИ мен тұмау өршіп тұрған кезде Астанада қызу түсіретін дәрілер жоқ" деген ақпараттың рас-өтірігін сұрады. Ақмарал Әлназарова жақында Астанада вирусқа қарсы препараттар тапшы болғанын растады.

"Алғашқы күндерден бастап ірі дистрибьюторлармен жұмыс істедік. Кеше (19 қараша - еск.) Астанаға 60 мыңнан аса қаптама жеткізілді. Бұл дәрілер барлық дәріхана желісіне таратылды, сондықтан қазір айтарлықтай тапшылық байқалмайды. Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз", - деді министр.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін министр Ақмарал Әлназарова ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. Министрдің сөзінше, жыл сайын ЖРВИ-дің 3,5 млн және тұмаудың 2 мың жағдайы тіркеледі. Биылғы эпидемиологиялық маусым (1 қыркүйектен бері) басталғалы бері ЖРВИ-дің 1 млн 461 мың жағдайы тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 20%-ға төмен. Соның ішінде 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралған. Кейінгі аптада ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелген.

Астанада да ЖРВИ мен тұмау өршіп, шектеулер енгізілді. Ал Қазақстанның бірнеше өңірінде оқушылар қашықтан оқиды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget