- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Голливудша тонау: Астана...
Голливудша тонау: Астана тұрғыны банкке кіру үшін бір жыл бойы туннельді қалай қазды?
Жақында Степногорск қаласында туннель арқылы зергерлік бұйымдар дүкенін тонау оқиғасы орын алды. Дәл осы кезде көптеген астаналық 2000 жылдардың соңында қалада дәл осындай қылмыстың қалай болғанын айта бастады.
2009 жылы Астана тұрғыны Цеснабанктегі гараждан ақша сақталатын қоймаға дейін 74 метрлік туннель қазуға бір жылдан астам уақыт жұмсаған. Бірақ оның барлық талпынысы нәтижесіз аяқталған... Tengrinews.kz сенсациялық қылмыстық іс туралы егжей-тегжейлі жазды.
Оқиға қалай басталған еді?
2005 жыл. Астаналық 28 жастағы Олег М. (есімі өзгертілген) Бразилиядағы туннельдің көмегімен банк тонауы туралы оқиғаны көріп отырып: "Осылай да банк тонауға болады екен ғой" деп ойлаған. Ол кезде оның үйленгеніне 10 жылдай уақыт болып, ерлі-зайыптылар балалы бола алмай жүрген екен. Емделу көмектесетін болғанымен, оған ақша қажет еді. Ол шетелдік көліктерді тасымалдаудан және базарда есік сатудан ақша тапқанымен, бұл жетпеген. Осыдан кейін Олег тонау ісін асықпай, дұрыстап ойлана бастаған.
Банк тонау жоспары
Астана тұрғыны жұмысын бірнеше жылдан кейін, 2008 жылдың маусым айында бастаған.
"2008 жылдың маусым айының басында ол Бейбітшілік көшесіндегі Цеснабанктің астаналық филиалының депозитарийінде өз атына сейф ашып, банк қызметкерімен бірге депозитарийге түсіп, сол жерден банктің орналасқан жерін көрген. Жалпы, қоймада ол екі рет болған. Депозитарийге ақша салған", - делінген қылмыстық іс материалында.
Сол жылдың шілдесінде Олег жұмыссыз қалған. Содан кейін бұл жоспарына бел шеше кіріскен. Ол адам банк ғимаратына визуалды тексеру жүргізген. Қолма-қол ақшаны тасымалдайтын көліктер қайда баратынын бақылаған. Осыған сүйене отырып, сондай-ақ депозитарийдің орналасқан жерін біле отырып, Астана тұрғыны ақшаны сақтауға арналған банктегі орынды есептеп шығарған.
Банкке апарар туннель
Олег тек қазуды неден бастау керегін ойлана бастаған. Бұл үшін банктің жанында орналасқан гараждар өте қолайлы еді. Олег олардың бірін жалға алып, оның астынан банкке апаратын туннель қазамын деген шешімге келген. Ойға алған ісін бастамас бұрын, барлығын бүге-шігесіне дейін жоспарлаған. Өз атына тіркелмеген жаңа SIM карта сатып алып, осы нөмірмен жақын маңдағы аулаларға: "Қымбатқа гараж жалға аламын" деген хабарландыру қалдырған.
© tengrinews.kz
Қылмыстық іс материалдарынан алынған сурет. Банк ғимаратының артқы жағы. Сол жақта туннель қазылған гараж
Тамыз айында гараж иелерінің бірі хабарландыруға жауап берген. Олег өзін басқа есіммен таныстырып, жалдау ақысын төрт айға алдын ала, 20 000 теңгеден төлеген. Сол айдың ортасында жоспардың негізгі және ең маңызды бөлігі гараждан банкке қарай туннель қазуды бастаған. Олег ең алдымен тереңдігі төрт метрдей ор қазған. Сол арқылы бұл жерде жер асты суының бар-жоғын тексерген.
"Ол судың жоқтығына көз жеткізгеннен кейін, топырақ тасу үшін көлік қажет екенін түсінген. Олег ең қарапайым құралдар: балта, күрек қайланы пайдаланған. Оның ішіндегі ең қымбат құрал - шамамен 92 теңге тұратын лазерлік өлшегіш. 2008 жылдың қазан айының басында ол гаражда электр жарығын қалпына келтірген. Алматыдан үш мың долларға ақ түсті Nissan Sunny көлігін сатып алып, кейін оны топырақ тасымалдауға пайдаланған", - делінген ведомствоның қылмыстық іс материалдарында.
Гараж іші. Оң жақтағы едендегі тесік туннельдің кіреберісі © tengrinews.kz
Туннель қазуды бастау
Олегтің айғақтарына сәйкес, ол 2008 жылдың желтоқсанында банкке қарай күніне 60 сантиметр жер қазуды бастаған. Қабырғалар мен төбелер тақталармен бекітілген. Ол ағаш еден жасап, тіпті жарық жүргізген. Топырақ толтырылған қапты туннель арқылы тасымалдауды жеңілдету үшін дөңгелегі бар вагонетканы пайдаланған. Содан кейін ол қапты алып шығып, Сарыарқа ауданындағы қоқыс контейнерлеріне лақтырып жіберген. Ол мұқият және баяу әрекет еткен. Айтпақшы, Олег демалыс күндері демалуды ұмытпаған.
Туннель арқылы банкке кіру
Қылмыстық іс материалдарында 2009 жылдың мамыр-маусым айларында Олегтің Цеснабанк ғимаратының астында болғаны айтылады. Осы кезде ол қазуды бірнеше айға тоқтатып, банк астынан қай бөлмеге келгенін аяқ дыбыстары арқылы тыңдай бастаған.
Дыбыстардан Олег ғимараттың қай бөлігінің астында екенін және ақша сақталған қоймаға дейін қаншалықты алыс екенін түсінуге тырысқан. Осылайша, ол депозитарийдің астынан шыққанын шамамен анықтаған.
Топырақ қаптары. Олег оларды Сарыарқа ауданындағы қоқыс жәшіктеріне лақтырып жіберген © tengrinews.kz
"2009 жылдың тамыз айында көлік базарында ол Nissan Sunny көлігін қажетсіз деп 2000 долларға сатты. Ал сенбіден жексенбіге дейін, яғни 2009 жылдың 17 қазанынан 18 қазанына дейін домкратпен еденді ойған. Банк еденін тескенде қателесіп қару-жарақ қоймасына кіріп кеткенін көрген. Ақша сақталған қоймаға тура түсе алмағанына көзі жеткен оның еңсесі түсіп, ұрлықтан бас тартқан", - делінген іс материалдарында.
Бразилиядағы тонаушылар әлі ұсталмаған
Олегті шабыттандырған бразилиялық жаңалықтарда айтылған тонаудың сәтті аяқталғаны болатын. Онда ұрылар туннельдің көмегімен банкті тонап, өздерімен бірге үш жарым тонна ақшаны, яғни 68 миллион долларды алып кеткен. Айтпақшы, қылмыскерлер әлі ұсталған жоқ.
"Ол қайтқан соң гараж есігін құлыптап, өзімен бірге барлық ұсақ құралдарды алып, киімдерімен бірге лақтырып жіберген. Тек лазерлік өлшегішті ғана қалдырған. Себебі бұл құрал қымбат еді", - делінген қылмыстық істе.
© tengrinews.kz
Астаналық жалғыз өзі қазған 74 метрлік туннель. Еденде арбаға арналған рельстер көрінеді. Қабырғалары тақталармен нығайтылған
Банктің еденіндегі тесіктің нақты қалай анықталғаны сот ұсынған іс материалдарында көрсетілмеген. Алайда сол кездегі БАҚ туннельді қызметкерлердің бірі 19 қазанда линолеуммен жабылған шұңқырға құлап кете жаздағанда байқағанын жазған. Ол туннельге алғаш түсіп, Олег атқарған жұмыстың ауқымын бағалағанда қандай сезімдерді бастан өткергенін елестетіп көріңіз. Содан кейін оқиға орнына полиция шақырылған. Тез арада банк қоймасы мен депозитарийі тексерілген. Айтпақшы, бұл кезде Цеснабанкте 422 миллион 512 мың теңге қолма-қол ақша болған.
Полицияға туннель қазушыны табу үшін бір айдан сәл астам уақыт жұмсаған. Ұстау операциясы 2009 жылы 24 қарашада оның үйінде болған. Негізінде тонау әрекетімен бір топ адам жұмыс істеген болуы мүмкін, оның ішінде банк қызметкерлері, сондай-ақ Олегтің ағасы болған деген болжам бар. Бірақ бұған дәлел табылмағандықтан, Олег сотталған.
Олег М.-ның мүлкі тәркіленіп, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ол жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеген. Сондай-ақ банкке келтірілген бірнеше миллион теңге шығынды өтеуге мәжбүр етілген. Туннель топырақпен толтырылған. Қазірде Олег жазасын өтеп, түрмеден шыққан болуы керек. Ары қарай тағдыры не болғаны белгісіз.
Т. Раушанұлы