Ауаның ластануы - кез келген мегаполистің проблемасы. Бүгінгі таңда алып қалалардың төбесінде смог қабаты пайда болған. Бұл қала тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізіп келеді.
Смог дегеніміз - ауаның зиянды заттар мен көлік түтінінің әсерінен ластануы. Бұл терминді 1905 жылы Генри Антуан де Во есімді дәрігер енгізген болатын.
Roosegaarde студиясы (Нидерланды) осы сынды проблеманы алға тартып, "Smog Free Tower" жобасын жасады. Голландиялық инженерлер қоршаған ортаның ауасын тазалайтын қамал салуды ұйғарып отыр. Жоба құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады. Алғашқы қамалдардың бірі Роттердам қаласындағы саябақтардың бірінің маңында салынады.
Smog Free Tower ионды фильтрация технологиясы негізінде жұмыс істейді. Аталған технология бүгінгі таңда медициналық және тұрмыстық құрылғыларда қолданылып келеді.
Жаңа жоба экологиялық проблеманы толығымен шеше алмағанымен, белгілі аймақтың ауасын тазартуға айтарлықтай үлес қосатын болады.
Жоспар бойынша, бір нысан 3,5 миллион куб метр смогты сіңіріп, тазартуы тиіс. Бұл құрылған қамал маңында өзге аймақпен салыстырғанда, ауаның 75%-ға таза болатынын білдіреді.