"Гипноздап тастаған сияқты". Қызылордалық әйел алаяққа сеніп, қомақты ақшасынан айырылды

"Гипноздап тастаған сияқты". Қызылордалық әйел алаяққа сеніп, қомақты ақшасынан айырылды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қызылорда қаласының тұрғыны Назерке Саниязова интернеттегі алаяқтарға сеніп, 4 миллион теңгеге жуық шығынға батқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

13 ақпанда қызылордалыққа "Ұлттық банк өкілімін" деп ер адам хабарласқан. Оның сөзінше, ер адам оған депозитіндегі ақшаны алаяқтар алғалы жатқанын, сондықтан айтқанды орындауы керек екенін жеткізген.

"Алғашында WhatsAPP арқылы қоңырау соқты. Кейін "орыс тілінде өтініш бергенсіз" деп сол тілде сөйледі. Ешкіммен, тіпті күйеуімен сөйлесуіме мұрша бермеді. Жолдасымның ақ тер-көк тер болып тапқан жалақысынан жырып, депозитке жинағаным бар еді. 1 миллион 200 мың теңгеге жуық. Өзім декреттік демалыстамын. Айлық жоқ. Баланың жөргекпұлы тоқтаған. Баламызды тоқсан сайын Ташкентке дәрігерге апарып жүрдік. Жүріп-тұруымызға, емге қажет ақша да соның ішінде. Ақыр соңында бір тиын да қалдырған жоқ", - дейді ол.

Алаяқтардың әрекеті кешке дейін жалғасқан. Сол аралықта "Ұлттық банк өкілі" жәбірленушіге бірнеше онлайн операция орындатқан.

"Play Маркеттен бір-екі бағдарлама көшіртті. Банктің өз ішінде алаяқ болуы мүмкін екенін айтып, полиция соны анықтау үшін жүктелген бағдарлама арқылы біздің сөзімізді тыңдап отырғанына сендірді. Құдды мені гипноздап тастаған сияқты", - деді Назерке Саниязова.

Сондай-ақ, алаяқ жәбірленушінің атынан бір микронесие ұйымы арқылы 77 мың теңге, бір банк арқылы 1 миллион теңге несие рәсімдеген. Миллионды ұзақ жыл бойы 2,5 миллион теңге етіп қайтаратын кесте жасатқан. Сөйтіп, барлығын қосқанда 3 миллион 780 мың теңгеге тақырға отырғызған.

"Полицияға шағымдандым. Бірнеше мәрте шақыртты. Ұры ұсталмаған соң, шығыным өтелмеген соң не пайда?!" - деді жәбірленуші.

Аузы күйген әйел Парламент Мәжілісінің депутаттарынан онлайн несие рәсімдеуге тыйым салуды сұрап отыр.

"Несие алғысы келетін адам банкке барсын, пошымын көрсетсін. Адам ұқсап құжатты оқысын, тәртібін сұрасын, қолын қойсын. Соған ештеңесі кетпейді. Онлайн дегенің - оңай жем болудың төте жолы. Бұлай жалғаса берсе, шаңырақтар шайқалып, адамдар аһ ұра береді", - деді ол.

Сонымен қатар, "несие берерде банктер адамның әлеуметтік статусын анықтауы қажет" дейді ол.

"Декреттік демалыста болсам да тиын таппайтын менің атыма қалай несие рәсімделеді? Оны қалай қайтарады деп ойлайды сонда? Заңның солқылдақ тұстарын қайта қарап өзгерту, түзету қиын емес. Әйтпесе сорлайтын - халық, соны біліңіздер!" - деді Назерке Саниязова.

Еске салайық, бұған дейін алаяқ "RustDesk" қосымшасымен ақмолалық тұрғынның 9 миллион теңгесін қолды қылғаны хабарланған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz