Ақтөбеде емші дертіне дауа іздеп барған жүз шақты адамды гипнозбен арбап, несие алдыртқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әулиедей көрген адамына ем іздеп барғандар қарыз арқалап қайтамыз деп мүлдем ойламаған. Отыз жылға жуық емшілікпен айналысқан Сұлушаш Қазыбаеваға алдандық деген ақтөбеліктер саны алпыстан асыпты. Олардың қатары күннен-күнге көбейіп барады. Емші қабылдауына келгендерді гипнозбен есінен айырып, онлайн несие алдырады екен.
"Біз емге барып жүргенімде гипноз арқылы мені 18 миллионға сазға отырғызды. Қазыбаева Сұлушаш деген кісі. Бес баламен қазір жұмысым да, тамағым да жоқ, балаларыма алатын, мысал үшін. Емделуге барғанда жатқызып қойып, гипноз жасай ма, білмеймін. Жатқызып қойып емдейді. Кейін біз білмейміз, не істегенімізді. Телефонымызды алып, біздің атымыздан несие рәсімдеп отырған", - дейді Райхан Зарлықова.
Алданғандар қатарында туыстары мен ауылдастары да бар екен.
"Басым ауырып бардым, сол кезде басым айналды, барған бойда. "Басың ауырып тұр ма?" деп сұрады. Көзім қарауытып, дым сезбей қалдым. Бір есімді жисам, "басыңды оңға бұр, солға бұр" деп, менің телефонымдағы банк қосымшасынан кредит алып жатқанын сездім. Сол кезде бір миллионға несие мақұлданған. Сосын өз қолымен өз телефонына аударып алды. Халық емшісі алдына келгендерді ғана емес, өз жақындарын да аямапты. Сан соғып қалғандардың қатарында туыстары мен ауылдастары да бар. Бәрі "қандай сиқырға тап болдық" деп, таңғалып отыр. Зейнетке шыққан жеңгелері де миллиондаған несиені қалай алғанын білмейді", - дейді Алмагүл Хасанғалиева.
Емшіге алданғандар тәртіп сақшыларына арыз да түсірген. Облыстық прокурордың да қабылдауына барды. Олар Сұлушаш Қазыбаеваны қамауға алуды талап етіп отыр. Ақыры қаланың бас полицейі де емшінің қабылдауына келді. Сол жерде оны тергеуге өзімен бірге алып кетті.
"ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі яғни ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Осы қылмыстық іс аясында арыз жазғандар, сонымен қатар басқа да арыз жазуға дайын азаматтар екен. Осы жерге жиналып тұр. Ақтөбе қаласының тумасына қатысты. Бұл жерге келдік. Барлық мән-жайды анықтадық. Қазір ол кісіні тергеу үшін полиция бөліміне жеткіземіз", - деді Ақтөбе ПД басқармасының бастығы Әсет Қалиев.
Еріксіз емшінің сиқырымен бір миллионнан 25-28 миллионға дейін ақша алып бергендер бар. Тәртіп сақшылары оны тергеуге үйінен көлікпен алып кетіп, уақытша қамау изоляторына қамаған. Жәбірленушілер оны тергеу кезінде де үй қамаққа жібермей, абақтыда ұстасын деп отыр. Себебі өзгелер де арбалып қала ма деп қорқады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова