Instagram-да гигиеналық төсемелер өте қауіпті деген ақпарат тарап жатыр. Онда олар қоқыстан жасалады және бедеулік пен қатерлі ісік тудырады делінген. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Біріншіден, гигиеналық төсемелер қоқыстан жасалған делінген. Бұл - жалған ақпарат. ScienceDirect ғылыми порталының деректеріне сәйкес, орташа гигиеналық төсемнің құрамында 48 пайыз үлпілдек целлюлоза, 36 пайыз полиэтилен, 7 пайыз желім, 6 пайыз суперабсорбент және 3 пайыз адгезияға қарсы қағаз бар. Сондай-ақ, нарықта мақта немесе басқа материалдармен жабылған төсемелер сатылады. Кейбір жағдайларда бұл өнім өндірілетін шикізат қайта өңделген болуы мүмкін. Бұл ретте ол тазалаудың бірнеше сатысынан өтеді және қоқыс болып саналмайды.
Екінші мәлімдеме гигиеналық төсемелердің қатерлі ісік ауруын тудыратынына қатысты. Бұл ескі фейк. Желіде оның 2013 жылы теріске шығарылғанын көруге болады. Фейк хабарламалардың авторлары оқырмандарды мұндай гигиеналық құралдарды қолдану қуықтың қатерлі ісігіне әкеп соқтырады, соның салдарынан 56 қыз қайтыс болды деп жазған.
Ал 2018 жылы гигиеналық төсемелерді қолдану қатерлі ісік ауруын тудырады деген қауесет Желінің ағылшын тіліндегі сегментіне қайта тарала бастады. Фактчекерлер мұндай мәлімдемелер үшін сенімді және жан-жақты ғылыми деректер жоқ деп хабарлады.
2020 жылы гигиеналық төсемелерді қолданған 56 қыздың өлімі туралы жалған ақпарат интернетте тағы да тарады. Бұл жолы да ол расталмай, жоққа шығарылды.
2022 жылы үндістандық БАҚ-та әртүрлі брендтердің гигиеналық төсемелерінен қауіпті заттар фталаттар мен ұшпалы органикалық қосылыстар Еуропалық Одақта белгіленген рұқсат етілген нормалардан асатын мөлшерде табылғандығы туралы хабарламалар шықты. Осы зерттеудің авторлары бұл әйелдерде бедеулікке әкелуі мүмкін деген қорытындыға келді.
Алайда зерттеу жарияланғаннан кейін біраз уақыт өткен соң, оны жүргізген үкіметтік емес ұйым өз нәтижелерін жаңартты. Атап айтқанда, ол өзінің есептеулерінде қателік жіберілгенін мойындады. Осыдан кейін төсемелерде фталаттар мен ұшпалы органикалық заттардың деңгейі рұқсат етілген нормалардан аспағаны белгілі болды.
Бүгінгі күні санитарлық төсемелер әйелдердің бала туу қабілетіне теріс әсер ететінін дәлелдейтін зерттеулер жоқ.
Қазнетте таралған роликте келтірілген мәлімдемелер фейк болып табылады және оларға сенбеген жөн.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!