Германияның бұрынғы президенті Хорст Келер қайтыс болды. Ол 81 жасында өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Берлиндегі федералды президент кеңсесі Келердің 31 қаңтар күні таңертең ауыр сырқаттан көз жұмғанын хабарлады.
Хорст Келер алғаш рет Германия президенті болып 2004 жылы сайланды және бұл қызметті 2010 жылға дейін атқарды. Алайда сол жылы ол күтпеген жерден отставкаға кетті. 2010 жылғы 31 мамырдағы мәлімдемесінде ол өз қызметінен кету себебін Германиядағы оппозициялық саяси партиялардың оның Ауғанстандағы бундесвер миссиясы туралы даулы пікірлеріне байланысты мемлекет басшысы институтына құрметсіздік танытуымен түсіндірді.
ГФР президенті қызметіне дейін Хорст Келер Халықаралық валюта қорын (ХВҚ) басқарған. 2017 жылы ол Батыс Сахараға қатысты даулы мәселелерді реттеу жөніндегі БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. 2019 жылы денсаулық жағдайына байланысты бұл қызметтен кеткен.
Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында Хорст Келер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Сол кезде ол Қазақстанды Еуразиядағы тұрақтылық аймағы деп атаған. Сондай-ақ бұрынғы Германия президенті 2023 жылы Тоқаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтаған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!