Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам анықталды. Ақпаратты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
Инфекцияны жұқтырған екі адам Германиядан Алматыға келген.
"Үш айдан бері біраз шаруа атқарылды. Бірақ өкінішке қарай, бүгін бірнеше тексерістен кейін екі Қазақстан азаматынан коронавирус инфекциясы табылды. Бас санитарлық қаулымен бұл екі пациент Алматыдағы карантин стационарына жатқызылды", - деді Біртанов.
Жолаушылардың бірі 9 наурыз күні Германия коронавирус қаупінің бірінші санатына енбей тұрып келген. Ал екіншісі 12 наурызда ұшып келген.
"Инфекцияны жұқтырған – ер мен әйел адам. 9-ы күні келген адаммен бірге 73 жолаушы болған. Ал 12 наурыздағы рейсте 12 жолаушы болған. Олардың барлығы 14 күнге карантинге жатқызылады", - деді министр.
Еске салайық, мұның алдында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин Қазақстанға коронавирус қашан келетінін айтқан болатын. Ол мәлімдемесінде коронавирус Қазақстанға 11-16 наурыз аралығында келуі мүмкін деген еді.
"Біздің болжамымыз бойынша шамамен 11-16 наурыз аралығында біздің елде коронавирус таралады. Бірақ бұл – болжам. 1-2 апта не ары, не бері", - деді Бекшин.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда Covid-19 коронавирусын пандемия деп жариялады.