Германияда жұмыс істеуді армандаған бірнеше адам сан соғып қалды. Олар шетелге жұмысқа орналастыратын бағдарламаға ақша төлегенімен, уәде етілген жұмыс орындарына жете алмаған. Оның орнына сапар тоқтатылғаны туралы хабар алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің айтуынша, бүгінде қаржысынан айырылған жүзден аса адам бар. Олар бірігіп, сотқа ұжымдық талап-арыз берген.
Нұрай Рахманбек биылғы жазды Германияда өткізуді армандаған. Ол жаңа ел көріп, жұмыс істеп, табыс табуды және шетелде еңбек етіп, тәжірибе жинауды мақсат еткен. Сол үшін жұмысқа орналастыру бағдарламасына қатысуға келісімшарт жасап, 600 мың теңге төлепті.
"400 мың теңгені бөліп төледім, қалған 400 мың теңгені қолма-қол ақшамен беруім керек еді. Бірақ сәуірден бері ешқандай шақырту, сұхбаттасу болмағандықтан, тек 200 мың теңгесін төледім, әрі қарай күтуге мәжбүр болдым. Олар маусымның ортасына дейін шақырту келеді деп күттірді, оған қоса визаға жазылдық, бірақ бәріміз шығынға баттық", - дейді ол.
Мұндай жағдайға тап болғандар жүзден асады. Олардың дені - студенттер. Бағдарлама құны 500 мыңнан 750 мың теңгеге дейін жеткен. Кейбірі Германияға бару үшін несие де алған.
Шетелге жұмысқа орналастыруға уәде берген компания мәселе бар екенін жоққа шығармаған. Атқарушы директордың айтуынша, бос жұмыс орындарын ұсынуға тиіс болған шетелдік серіктес өз міндетін орындамаған. Кейбірі Германияға ұшып үлгергенімен, көпшілігі жұмысқа шақырту ала алмаған. Енді компания төленген қаражатты қайтаруға уәде беріп отыр.
Алайда қалтасындағы қаржыдан қағылғандар мұнымен келіспейді. Олар әлі күнге дейін несие төлеп жүргенін және тағы бірнеше ай күткісі келмейтінін жеткізді. Қазір бұл іс бойынша сотқа ұжымдық талап-арыз жолданған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!