- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Германия үкіметі вакциналарды...
Германия үкіметі вакциналарды зерттеу демократияға қауіп төндіреді деп мәлімдегені рас па?
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Германия билігі COVID-19 қарсы вакциналарды зерттеуден бас тартып, бұл "демократияға қауіп төндіреді" деген мәлімдемені бөлісіп жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Германия үкіметі вакциналарды зерттеу демократияға төнген қауіп деп айтқан ақпарат 2023 жылғы қаңтар басында бірнеше конспирологиялық және ғылымға қарсы порталдарда жарияланды. Ресурстардың бірі бастапқы дереккөз доктор Алена Бёйкстен сұхбат алған Die Zeit неміс басылымы деп жазды. Мұндай сұхбат газеттің ресми порталында бар.
Алена Бёйкс - медицина этикасы және медициналық технологиялар профессоры. Ол Германия үкіметінің мүшесі емес және оның атынан мәлімдеме жасамайды.
Ол сұхбатында 2020 жылдан бері басқарып келе жатқан неміс Этика кеңесінің ұстанымы мен жеке пікірін білдіреді.
Дәрігер басылымның "COVID-19 пандемиясы өршіген кезде қабылданған қатаң карантин шаралардың қаншалықты дұрыс болды" деген сұрағына "кейбір шаралар шамадан тыс болды, бірақ сол сәттегі жағдайды ескерсек, бұл үшін ешкімді кінәлауға болмайды" деп жауап береді. Сондай-ақ, ол вакцинацияға қарсы адамдар мен Сovid диссиденттері туралы айтып, олардың кейбіреуі қазір пандемия мен карантин дағдарысына "кінәлілерді" табуға тырысып жатқанын айтты.
"Кінәлілерді іздеу көбіне нақты шығындардан басталады. Бұл қажеттілікті түсінуге болады, бірақ бұл дұрыс емес. Бұл қоғамның поляризациясына қатты әсер етеді. Бұл демократияға қауіп төндіреді. Өйткені ашулы адамдар зорлық-зомбылық пен теріс саяси ұстанымдарға әлдеқайда бейім болатыны дәлелденген", - деді ол.
Бұл сөздердің COVID-19 қарсы вакциналарды зерттеуге ешқандай қатысы жоқ екені анық. Сонымен қатар, сұхбатта иммундауға арналған препараттардың сапасы, тиімділігі, қауіпсіздігі және басқа сипаттамалары туралы айтылмайды.
Демек, Германия үкіметі вакциналарды зерттеу демократияға қауіп төндіреді деп санайтыны туралы ақпарат жалған. Германия үкіметінің бірде-бір мүшесі мұндай мәлімдеме жасамаған, ал доктор Алена Бёйкс "демократияға қауіп төндіреді" деп айтқанда, вакцинацияға қарсы адамдардың карантин шектеулеріне "кінәлілерді" табу әрекеттерін меңзеген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек