Украина тарапы Ресей тағы да мобилизация жасауды жоспарлап отырғанын айтып отыр. Massaget.kz тілшісі Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты кейінгі оқиғаларға шолу жасады.
Ресей жаңа мобилизацияны жоспарлап отыр - Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей жаңа ірі шабуылға қосымша әскерді мобилизациялауды жоспарлап отырғанын айтты. Киев тарапы Ресей президенті Владимир Путин әскерге тағы бір жаппай шақыру туралы бұйрық беріп, ел азаматтарының әскерге шақырылудан қашып кетуіне жол бермеу үшін шекараларды жабуды жоспарлап отырғанын айтты.
"Орыс сценарийін бұзуымыз керек. Бұған дайындалып жатырмыз. Лаңкестер жеңілуі керек. Олардың жаңа шабуылы сәтсіздікке ұшырауы керек", - деді Зеленский кешкі бейнеүндеуінде.
Франция Украинаға AMX-10 RC жауынгерлік көліктерін жібереді
Франция билігі Украинаға AMX-10 RC танктері мен Bastion бронетранспортерлерін береді. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон Twitter-де жазды.
"Жеңіске жетпейінше, Еуропаға бейбітшілік келмейінше, Украинаны қолдауымыз әлсіремейді. Президент Зеленскийге Франция жеңіл жауынгерлік танктер беріп, әуе қорғанысын қолдауды жалғастыратынын айттым", - деді Макрон.
Германия СІМ басшысы Украинаға көбірек қару беруге шақырды
Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок Ресей президенті Владимир Путиннің ойға алғаны Украинаның жойылуы екенін айтты. Португалия астанасы Лиссабондағы конференцияда сөйлеген сөзінде Бербок Еуропа Одағы Украинадағы соғысты тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты.
Жараланған ресейлік шенеунік Макронға француз гаубицасының сынықтарын жіберді
Өткен айда Украинаның шығысында жарақат алған Ресей министрінің бұрынғы орынбасары Дмитрий Рогозин Франция президенті Эммануэль Макронға конвертпен сынықтар жібергенін айтты. Ол француз гаубицасының сынықтары оның жаралануына себеп болғанын мәлімдеді.
Рогозин Францияның Ресейдегі елшісі Пьер Левиге хат жазды. Сонымен қатар, ол хатты Telegram-да жариялады.
"Бұл конвертте хатыммен бірге 155 миллиметр француздық "Цезарь" артиллериялық қондырғысының снарядын көресіз. Ол менің оң иығымды тесіп өтті, мені өлтіріп, мүгедек ету үшін бесінші мойын омыртқама тұрып қалды", - делінген Рогозиннің хатында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!