Германия Қазақстанға бұрынғы бас көлік прокуроры Дүйсеновті беруден бас тартты

Германия Қазақстанға бұрынғы бас көлік прокуроры Дүйсеновті беруден бас тартты
Фото: finpol.kz

Германия былтыр қыркүйекте ұсталған Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсеновті экстрадициялаудан бас тартты. Бұл ақпаратты Бас прокуратура растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мақсат Дүйсеновті Германиядан Қазақстанға экстрадициялау мәселесін шешу 2025 жылы қазанда басталған еді. Бас прокуратура мәліметінше, Германия тарапы себебін түсіндірместен күдіктіні беруден бас тартқан.

Ведомство Мақсат Дүйсеновке іздеу салу тоқтатылмағанын, қылмыстық қудалау жалғасып, істің мән-жайын анықтау мақсатында іс-шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2025 жылы тамызда Алматының Алмалы аудандық полициясы Мақсат Дүйсеновке қатысты іздестіру ісін қозғады. Осылайша оған іздеу жарияланды.

Бірнеше күннен кейін Мақсат Дүйсеновтің басшысы болған Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Ал қыркүйекте Германия құқық қорғау органдары Мақсат Дүйсеновті ұстады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget