Германия армиясы тыңшылық қаупіне байланысты казармалар мен әскери полигондарда Қытайда шығарылған дрондарды пайдалануға тыйым салды. Сондай-ақ қытайлық автокөліктердің әскери нысандар аумағына кіруіне шектеу қойылды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Бундесвер гарнизондар мен полигондарда Қытайда өндірілген шағын ұшқышсыз ұшу аппараттарының барлық түрін пайдалануды тоқтатты. Бұған дейін сатып алынған, оның ішінде DJI маркалы дрондарды да қолданыстан шығару тапсырылған.
Германия Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, қытайлық құрылғылар неміс немесе еуропалық баламалармен алмастырылады.
Қытайлық көліктер әскери нысандарға кіргізілмейді
Германия армиясы BYD және Geely секілді қытайлық маркалардың автокөліктерін әскери нысандарға кіргізуге де тыйым салды. Әскери қызметшілер мұндай көліктерді қауіпсіздік аймағынан тыс қалдырып, қызмет орнына жаяу баруға тиіс.
Шектеулер Қытайда шығарылған техникадағы камералар мен датчиктер құпия ақпарат жинап, оны Қытайдың қауіпсіздік органдарына жіберуі мүмкін деген қауіпке байланысты енгізілген.
Der Spiegel мәліметінше, дрондар Қытайдың арнайы қызметтеріне казармалар мен полигондардың суреттерін, әскери жаттығулардың барысы және қару-жарақ жүйелері туралы ақпаратты беруі ықтимал.
Қытайлық техникаға қатысты қауіп неден туындады?
Еуропа елдері мұндай шараларды Ұлыбритания ақпарат құралдарының хабарламаларынан кейін қабылдай бастаған. Онда Қытайда жасалған бөлшектері бар Ұлыбритания әскери-теңіз күштерінің барлау дрондары Қытайға жасырын түрде ақпарат жібергені айтылған.
Бұған дейін сарапшылар интернетке қосылған қытайлық электромобильдердің камера, микрофон және датчиктері арқылы тыңшылық жасау құралына айналуы мүмкін екенін ескерткен. Германия билігі қазір осыны зерттеп жатыр.
Қазақстанда да заманауи, оның ішінде Қытайда шығарылған көліктердің азаматтардың дербес мәліметтерін жинау ықтималдығы көтерілген. Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлі қытайлық автокөліктерге қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынған болатын.
О. Сансызбай