Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Алматы облысы Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев шетелге қашып кеткенін жазып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz тілшісі ақпараттың мән-жайын анықтау мақсатында құзырлы органдарға хабарласқан.
Жоғарғы соттағылар Күдебаев сот процесі уақытында елден шықпау туралы қолхатпен жүргенін айтады.
Редакция қылмыстық-түзеу жүйесі комитетінен ақпарат сұрады. Алайда, ведомство өкілдері бұл ақпаратқа қатысты жауап бермеген.
Сонымен қатар, редакция Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға және ҰҚК ШҚ-на жүгінген. Алайда қазіргі уақытта органдар бұл жағдайға ресми түрде түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, Серік Күдебаевтың шетелге қашып кеткені туралы ақпаратты Nege.kz редакциясы "сенімді дереккөзге" сүйеніп хабарлаған болатын. Басылым мәліметінше, Күдебаев Қырғызстан арқылы Өзбекстанға өтіп, ары қарай чартер арқылы Солтүстік Кипрге кетіп қалған.
Еске салайық, Серік Күдебаев былтыр сәуірдің аяғында өз еркімен қызметінен босатылды. Ал мамырда ол қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды.
Бұған дейін полиция генерал-майоры Серік Күдебаев "билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін" орташа қауіпсіздік колониясында тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылды.
Сонымен қатар, 10 наурызда Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев ауруханаға түскен болатын. Генерал-майор Күдебаевқа қатысты үкім 10 наурызда шығуы керек еді. Алайда бұрынғы полиция басшысына қатысты сот отырысы белгісіз мерзімге шегерілді. Ал 27 наурызда Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет шегерілді. Артынша 20 наурызда Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілетіні белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!