Arulife бағдарламасының кезекті қонағы "Қазақстандағы ең сұлу ана" статусы бар көпбалалы ана, сымбатты әйел Виктория Моминбаева. Сұхбатында ол бала тәрбиесі туралы, гендерлік теңдікке қарсылығын, балалы болғаннан кейін депрессиядан қалай шығу керек екенін айтады. Сонымен бірге Виктория "Мақсатқа жету жолында не істеу керек" деген сұраққа жауап беріп, күнделікті өмірден ләззат алу қыр-сырымен бөліседі.
ARULIFE жобасының серіктесі - Altel ұялы байланыс операторы. Altel Қазақстанда 4G-ге қарағанда он есе жылдам 5G технологиясын белсенді түрде дамытып жатыр.
Виктория Моминбаева адам алдымен алға қойған мақсатын анықтап алу керек деп есептейді.
"Мақсатқа жету үшін, бәрін жазып қою керек. "100 тілек" деген жаттығу бар, оны толтырып шығу әркімнің қолынан келмейді. Өзінің шын мәнінде нені қалайтынын білетіндер өте аз. Жалпы, шын қалауыңды білу - өмірдегі ең басты нәрсе", - дейді ол.
Виктория Моминбаева баланың тәрбиесіне қалай көңіл бөлу керек екенін, баланы кішкентай кезінен мейлінше еркелетіп өсіру керегін айтады.
"Мен балаларымды шартсыз махаббатқа шомылдырып тәрбиелеп жатырмын. Балаға бір нәрсені тыйым салып, бірақ оны өзің жасасаң, бала оны жасауға болатынын, екіұшты стандарт екенін көреді. Сондықтан мен олай жасамауға тырыстым, отбасымызда бәрі үлгі ретінде көрсетіліп отырды. Мәселен, мен көліктің жанына келген кезде, басқа ер адам тұрып, есікті ашып бермесе, мен таңғаламын. Өйткені менің жұбайым әрқашан үйдің есігін, көліктің есігін өзі ашып береді. Қазір балаларым да дәл солай жасайды. Оларға ешкім "осылай жасау керек, есікті ашып беру керек" деп үйреткен жоқ. Әкесін көріп өсті, қазір ұлым есейіп, онымен бірге келе жатсам, есікті өзі ашып беретінін көріп жүрмін. Бұл – тәрбие емес, үлгі болудың арқасында жасалған нәрсе", - дейді көпбалалы ана.
Сонымен қатар ол 28 жасында 5 балалы болған кезінде де, бала босанғаннан кейін әйелдерде болатын депрессияны бастан өткермеген.
"Мен психологияға қарсы адаммын, адамдар сенің өткен өміріңе бет бұратын классикалық түріне қарсымын. Еврей халқының "өткен өміріңе бет бұрсаң, болашағың артта қалады. Сондықтан кері бұрыл" деген даналық сөзі бар ғой. «Дәл осы сәтте, осы жерде өмір сүр. Мықты болып, алға ұмтылу қолыңнан келеді» деген коучинг тәсілін құптаймын. Менің ойымша, классикалық психология аздап ескірді, кез келген жағдайдан шығу үшін сұрақ қою керек, ересек адам эго күйінде ашық сұрақ қою керек. "Жағдайды жақсарту үшін не істеуім керек? Бойымда қандай күш бар? Неге сүйенуім керек? Айналамдағы адамдардың қайсысы маған көмектесе алады?" деген сұрақтар. Өйткені адамның қоршаған ортасы Дилтс пирамидасының төменгі сатысына жатады, бұл өте маңызды. Жоғарғы деңгей дегеніміз – миссия. Ана миссиясы да өте маңызды миссия. Өмір бойы миссиямыз өзгеріп отыратынын түсініп алу керек. Біреудің миссиясы бизнес болса, біреудің миссиясы – ана болу. Яғни, проблемаға емес, беталысыңа мән беру қажет", - дейді ол.
Ол қоғам арасында қалыптасқан таптаурын сөз "Табысты ер адамды әйел жасап шығарады" деген сөзге қарсы.
"Табысты ер-азаматты қолдан жасап шығару мүмкін емес. Жалпы, адамды өзгерту мүмкін емес. Әйел тек күйеуіне қуат беріп отырады. Әйел – розетка, еркек штекер секілді. Әйелдің қолынан келмей, үнемі шағымдана беретін болса, ер-азаматына да сондай энергия береді. Мұндай энергиямен еркектің биіктерді бағындыруы екіталай. Қалған потенциалы ер-азаматтың өз бойында болады, меніңше, еркек – бастаушы, ал әйел - қостаушы, артынан еруші", - дейді Arulife бағдарламасының кейіпкері.
Виктория гендерлік теңдік деген ұғымына да қарсы. Оның айтуынша, әйел заты өзінің әрқашан да нәзік екенін түсінуі керек.
"Қазір студияда бізді түсіріп жатқан сымбатты жігіттер толып жүр. Сізге "мына үстелді 3 метрге жылжытыңызшы" десем, не істейсіз? Сіз бұл жігіттерге қарайсыз да, гендерлік теңдіктің жоқ екенін түсінесіз. Осы қысқа мысал арқылы әйел нәзік жанды екенін айтқым келеді. Қолыңнан келмейтін нәрсе үшін жауапкершілік алуға кеңес бермес едім, құқықтарың үшін күресу, суфражист, феминистердің уақыты өткен сияқты. Әйелдерге қазір "қолыңнан түк келмейді, үйде отыр, университетке бармайсың" деп айтпайды. Қуанышқа орай, бұған қолымыз жетті, университетке, қалаған жеріңе бара аласың", - дейді ол.
Толық сұхбат 26 сәуір күні сағат 20.00-де Tengri TV YouTube арнасында шығады.