Ақмола полицейлері көлікте талмасы ұстап қалған азаматты құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
7 желтоқсанда сағат 14.20 шамасында Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне Мечта сауда үйінің аумағында жүргізуші қатты "газға" басып отырғаны туралы ақпарат түскен. Көкшетау қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары Александр Ефимов пен Темірлан Қалыш құрамындағы "Әскер-5" автопатрульі дереу көмекке шыққан.
"5 минутта полиция қызметкерлері оқиға орнында болды. Инспекторлар ес-түссіз күйдегі жүргізушіні тауып, жедел жәрдем көлігін бірден шақырды. Автокөліктің есіктері жабық болған. Полиция қызметкерлері қолында болған затты пайдаланып, дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсете алуы үшін көліктің артқы есігінің әйнегін сындырды. Жедел жәрдем дәрігерлері 34 жастағы ер адамға қажет көмек көрсеткеннен кейін полиция оның туыстарын анықтап, оқиға туралы хабарлады", - делінген хабарлама.
Мамандардың айтуынша, алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізуші эпилепсия талмасына ұшыраған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!