Алматы қаласының Жылу электр орталығына газ жағатын қазандықтар орнатылып, қала маңындағы жер үйлерге газ тартылмақ. Бұл жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық бақылау және реттеу комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасовпен өткен кездесуде айтылды.
Кездесуде қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, оның ішінде жасылдандыру мен газдандыру мәселелері талқыланды. Талқылау барысында Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарының газға көшірілетіні айтылды. Аталмыш жобаға Елбасының жылу орталықтарын газ жүйесіне ауыстыру туралы бастамасы себеп болған.
"Жылу электр орталығының қазандықтарын газға көшіру арқылы ауаға тарайтын қалдықты 83 пайызға дейін азайтуға болады", – дейді "Самұрық-Энерго" АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Түйтебаев.
Серік Сүйінбекұлының айтуынша, қазір екінші орталықтың техникалық құжаттары дайындалып бітті, келесі жылдан бастап қаржыландыру, кейін құрылыс жұмыстары басталып, 2023 жылы алғашқы шырағы жағылады. Ал үшінші орталықтың келер жылы техникалық-экономикалық құжаттары жасалмақ.
Осы орайда айта кеткен жөн, жақында Алматы облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте ЖЭО-2-ні модернизациялау мәселесі шешілгенін айтқан еді.
"Қала тұрғындарының басты мәселесі – экология. ЖЭО-2-ні заманауи жабдықтармен жасақтау арқылы ауаға тарайтын қалдықтың көлемін 38 мыңнан 6,8 мың тоннаға дейін азайтпақпыз. Яғни, атмосфераға тараған зиянды қалдық 6 есе кемімек", – деді шаһар басшысы.
Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы үйлердің 99 пайызы газбен қамтылған. Тек 1848 үйге газ тартылған жоқ. Биыл 600-ге жуық үйге газ берілді. Үйдің маңайына тартылған газды ішке кіргізу үшін 300-600 мың теңге айналасында қаржы қажет. Бұған көмек ретінде банктер тұрғындарға пайызсыз несие беруде. Ал әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға тегін қосылады.
Экологтардың есебінше, үйге газ тарту арқылы ауаға таратйын зиянды қалдықты 75 пайызға азайтуға болады.
Алматы облыстық ТҮКШ басқармасының мәліметтері бойынша, Алматы қаласымен шектесіп жатқан агломерацияның 52 пайызы газбен қамтылған. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 63 пайызға дейін жеткізіледі. Ал келесі жылы Талғар, Жамбыл және Іле аудандарының қаламен шекаралас аумақтарына газ тартылмақ. Талғар қаласы мен Қаскелеңнің жылу қазандықтары, Қапшағай қаласының орталық қазандығы газбен жылытуға көшті.