Таяу Шығыстағы қақтығыс тағы өршіді. Бірер апта бұрын Израиль биілігі Хамас бітімгершілік шарттарын бұзды және Израиль территориясын бомбалады деп айыптады. Содан бері Израиль әскері Газаның оңтүсітігіне жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Израиль мен Хамас арасындағы келісім бір аптаға ғана созылды. Израиль әуе күштері Газаның оңтүстігі мен солтүстігін бірнеше күн бері атқылап жатыр. Хан-Юнис аймағында ұрыс өтіп, алғашқы күнде-ақ 240 палестиналық қаза тапты.
Газа тұрғындарының жағдайы бұрынғыдан да қиындай түсті. Израиль тек әуеден емес, теңізден де шабуылды күшейтті.
Израиль құрлықтағы операциясын оңтүстікке қарай бағыттай бермек. Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнистің бір бөлігінен әскерін кері шегіндірді. Енді олар елдің оңтүстік-батысына қарай Египетпен шекаралас аймаққа қарай баруды көздеп отыр. Себебі Хамас содырлары сол жаққа қашуы мүмкін деп есептейді. Израиль үкіметінде Газада кепілге алынған өз азаматтары жөнінде дерек бар. Бұл туралы Израиль қорғаныс күштерінің баспасөз хатшысы Джонатан Конрикус айтты.
"Иә, бізде мұндай деректер бар. Бірақ мәселенің нәзіктігіне байланысты мұндай мәліметтерді бөлісуге құқығым жоқ", - деді ол.
Билік дерегінше, Газада тағы адам 137 кепілде отыр.
ЦАХАЛ (израиль әскері) Хамасқа қарсы оперцацияны бастағаннан бері 78 Израиль әскері қаза болған. Бұл туралы Times of Israel жазды.
"Әскерилер тағы үш сарбаздың қаза тапқанын хабарлады, олар Газа секторында Хамас лаңкестерімен шайқастар кезінде қаза болды. Осылайша қазан айының аяғында Израильдің құрлық шабуылы басталғаннан бері қаза тапқандар саны (израиль әскерилері - еск.) 78-ге жетті", - деп жазады басылым.
Сондай-ақ, армияның баспасөз хатшысы Даниэль Хагари журналистерге жауап берді.
"Газа секторында Израиль сарбаздары құрлықтық операцияны кеңейтуді жалғастырады", - деді ол брифингте.
WSJ мәліметінше, ЦАХАЛ Хамастың жерасты туннельдерін теңіз суымен толтырырмақ. Газадағы жердің астында жалпы ұзындығы 500 шақырымға жететін туннель желісі бар. Жалпы аумақта 800 туннель табылған. Суды Жерорта теңізінен тартпақ. АҚШ-тың мәліметіне сүйенсек, Израиль қорғаныс күштері өткен айда Газа қаласындағы Әл-Шати маңына бес үлкен су сорғысын орнатқан.
Кеше Хамастың Иззеддин әл-Кассам бригадасының содырлары кейінгі 24 сағатта Израильдің 28 әскери техникасын жойды. Бұл мәлімдемені топ өкілі Әбу Убайда айтты.
"Кейінгі 24 сағат ішінде аль-Кассам моджахедтері Газа секторындағы ұрыста 28 бірлік әскери техниканы толық немесе ішінара жойып үлгерді. Олар, сондай-ақ, үлкен калибрлі минометтермен дұшпандардың шоғырланған жерлеріне оқ жаудырып, сионистік құрылымның ішіндегі әртүрлі нысандарға зымыран жіберді", - делінген ақпаратта.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!