Газа секторындағы уақытша бітімге қол қою кейінге қалдырылды

Израиль Газа секторында атысты тоқтату мен кепілге алынған адамдарды босату туралы келісім бойынша министрлер кабинеті өткізетін дауыс беруді кейінге қалдырды. Оған себеп ретінде ХАМАС-тың келісімнің кейбір шарттарын орындамағаны айтылды. ХАМАС бұл айыптауларды жоққа шығарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі CNN сілтеме жасап. 

Израиль ХАМАС-ты нақты қандай шарттардан бас тартты деп айыптағаны туралы ақпарат жоқ. "Моссад" басшысы Давид Барнеа бастаған Израиль делегациясы Дохада келіссөздерді жалғастырып жатыр. Делегацияның келісім бермейінше, тар әскери кабинет пен министрлер кабинеті дауыс беруді бастамайды.
Үш кезеңнен тұратын келісім жексенбіде іске қосылуы тиіс, алайда оның көптеген егжей-тегжейі мен мерзімдері әлі анық емес. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху барлық мәселелер толық келісілмейінше пікір білдірмейтінін айтты.

Келісім жасалғаны туралы ақпарат сәрсенбі кешінде тараған болатын. Сонымен қатар Израиль бейсенбіге қараған түні Газа секторына әуе шабуылдарын жалғастырды. Шабуылдан ондаған адамның қаза тапқаны хабарланды. Соңғы келіссөздер Қатарда өтті. Қатар - Мысыр және АҚШ-пен бірге бұл келісімдегі негізгі делдал.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!