Газа секторындағы қазақстандықтарды шығару үшін келіссөз жүргізіліп жатыр - СІМ

Газа секторындағы қазақстандықтарды шығару үшін келіссөз жүргізіліп жатыр - СІМ
Фото: видеодан алынған кадр

Бүгінде Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын шығару үшін келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысынан шыққан вице-министр Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі Газа секторындағы жерлестерімізбен тұрақты байланыста екенін жеткізді.

"Бұл аумақтан азаматтарымызды аман-есен шығарып алу үшін Мысыр үкіметімен де және басқа да ресми тұлғалармен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір 45 мемлекет өз азаматтарын шығарып алуға талпынып жатыр. Әзірге бірде-бір шетел азаматы Газа секторынан шыға алмады. Сондықтан жұмыс жалғасып жатыр", - деді Қайрат Омаров.

Оның айутынша, бүгінде Газа секторындағы жағдай өте күрделі.

"Қақтығыс аумағында еліміздің нақты неше азаматы қалғаны туралы мәліметті анықтап жатырмыз. Байланысқа шықпай жатқандары да бар. Сондай-ақ, бұған дейін аты аталмаған басқа адамдар да анықталып отыр. Сондықтан қазір нақты адам санын айту мүмкін емес. Өткізу бекеті ашылып, азаматтарды шығарып алсақ, олардың азаматтығын анықтаймыз", - деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін СІМ өкілдері Газа секторында 100-ден аса қазақстандық жүргенін мәлімдеген болатын.

Еске салайық, бұған дейін Газа секторында Қазақстан азаматы қызымен қаза тапқаны хабарланған еді.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz