"Газ тапшылығы болуы мүмкін, оған Ресей көмекке келеді". Министрлік маңызды сауалдарға жауап берді

Энергетика министрлігі өңірлерге газ тарту мәселесіне қатысты маңызды сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

  • Елге газ қай ақшадан тартылып жатыр?

Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, 2024 жылы газбен жабдықтау жобаларын іске асыруға бюджеттік бағдарлама шеңберінде 89,3 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 300 мыңнан аса адамды газбен қамтамасыз ету және 1 700 шақырымдық газ құбырларын жаңғырту үшін қосымша 105,1 млрд. теңге бөлінген. 2023 жылы "QazaqGaz" ҰК" АҚ өз қаражаты есебінен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырған:

- "Бейнеу-Жаңаөзен" газ құбырының 2-желісін салу" жобасы (180,1 млрд. теңге);
- "Мақат-Солтүстік Кавказ" газ құбырының лупингін салу" жобасы (99,8 млрд. теңге).

"QazaqGaz Aimaq" АҚ еліміздің қай елді мекендеріне газ тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқаны айтылды:

- 2022 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Саймасай, Қайнар елді мекендері газбен қамтамасыз етілді.

- 2024 жылы Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының Қожасай елді мекеніне газ тарту жұмыстары басталды. Сонымен қатар, жеке газ тарату ұйымдары және мекемелері ("СпецСтройБренд" ЖШС және т.б.) өз қаражаты есебінен елді мекендерге (Алматы облысының Жаңалық ауылы және т.б.) газ тарту үшін жұмыс істеп жатыр.

depositphotos.com

  • Газ қымбаттай ма, оған кім жауапты?

Қазақстанда газ бағасы мемлекет тарапынан қадағаланады. Көтерме бағаны Энергетика министрлігі, ал бөлшек бағаны Ұлттық экономика министрлігі белгілейді. Газ бағасына өңірге дейін жеткізу, сатып алу, магистральдық құбырмен тасымалдау тарифі әсер етеді.

"Бүгінде тауарлық газдың шекті көтерме бағалары өзіндік құнынан төмен бекітілген, соның салдарынан газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор "QazaqGaz" ҰК" АҚ жыл сайын газды ішкі нарыққа сатудан шығын көреді", - деп жазылған жауапта.

Министрлік газ бағасын өсірмеу үшін инвестиция тартып, экспортқа көптеп шығару керек екенін мәлімдеді. Сонда ғана ішкі нарықта баға төмен болмақ.

depositphotos.com

  • Газ тапшылығы қаупі бар ма?

Министрлік жауабына сүйенсек, 2025 жылдан бастап ішкі нарықтың қажетін жабуға газ ресурстарының тапшылығы күтіліп отыр. Бұл мәселеде Қазақстанға Ресей көмектеспек.

"Бұл тапшылықты жақын келешекте ресейлік газ импорты есебінен жабу көзделеді. Сонымен бірге, 2023 жылы министрлік "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ және "QazaqGaz"ҰК" АҚ-мен бірлесіп, тауарлық газды ұлғайту жөніндегі жол картасын бекітті. Соған сәйкес 4 газ өңдеу зауытын салу, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ және "QazaqGaz"ҰК" АҚ-ның газ активтерін кезең-кезеңімен өнеркәсіптік пайдалануға беру көзделеді", - деп жазылған жауапта.

depositphotos.com

  • Қандай маңызды жобалар іске асырылып жатыр, қашан қолданысқа беріледі?
  1. Шикі газ және тауарлық газ өндіру, жылу, электр генерациясы кәсіпорындарын табиғи газға ауыстыру, Қазақстанның оңтүстік және орталық аудандарына газ тарту үшін "Бейнеу - Бозой - Шымкент" магистральдық газ құбырының 2-желісін салу" жобасына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Жобаны 2024-2026 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.
  2. Қостанай облысының елді мекендерін және жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды газбен қамтамасыз ету мақсатында "Ақтөбе-Қостанай" магистральдық газ құбырының құрылысы" жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеіп жатыр. Жобаны 2024-2026 жылдары іске асыру жоспарланып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!