- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Газ плитасының бензолы...
Газ плитасының бензолы темекі түтініндей зиян – ғалымдар
Ғалымдар ас үйдегі газ плитасынан шыққан зиянды заттар үйге тарап, бірнеше сағат бойы сақталатынын айтады. Газ плитасындағы бір оттықтан шығатын бензолдың концентрациясы темекі түтінінен жоғары болуы мүмкін.
АҚШ-тың Стэнфорд мектебінің ғалымдары 87 үйдегі газ плиталарынан бөлінетін бензолды өлшеп, оның мөлшері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген стандарттардан асып түсетінін анықтады. Бұл туралы New York Times жазды.
Мысалы, газ плитасы 180°С 45 минут бойы жанған кезде бөлмедегі бензол мөлшері темекі түтінінен бөлінетін мөлшерден асып кеткен. Ғалымдар зиянды қалдықтар асханадан бүкіл үйге таралып, бірнеше сағат бойы сонда қалатынын айтады.
Сонымен бірге, Стэнфорд ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, электрлі және индукциялық плиталардан шығатын зиянды заттардың мөлшері өте аз.
Зерттеуге түсініктеме берген онколог Джанис Л.Кирш газ плиталарынан бөлінетін бензол мөлшері алаңдатарлық екенін айтты.
"Біз метан жанған кезде бензол таралатынын анықтадық. Бірақ оның санын өлшеу үлкен жетістік. Зиянды заттардың мөлшері күтілгеннен жоғары екені белгілі болды. Бұл қауіпті", - дейді дәрігер Кирш.
Ол адамдардың үйден тыс жерде де зиянды химиялық заттарға – пайдаланылған газдар, зауыттар мен фабрикалардан шыққан түтіндер, орман өртінен шыққан түтіндер әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, адамдар индукциялық пештерді сатып алып, тостер, электр шәйнектерін пайдаланып, ғимаратты қауіпсіз ете алады.
БҰҰ-ның Қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттігі мен АҚШ-тың қоршаған ортаны қорғау агенттігі бензолды канцероген ретінде жіктейді. Оны ингаляциялау лейкемия мен лимфоманың, сондай-ақ басқа да ауыр аурулардың қаупін арттыруы мүмкін. Дәрігерлер бензолдың адамға әсер ету деңгейі қауіпсіз емес дейді.
Т. Раушанұлы